Ұялы байланыс операторлары Алматы әкімдігінің мәлімдемесімен келіспеді. Әкімдік қалалық Төтенше жағдайлар департаменті тұрғындарға селден уақытында ескерту жасай алмағанын операторлардың хабарламаларды тегін таратудан бас тартуымен байланыстырған. Бұл айыптауды Алматы әкімінің кеңесшісі Сергей Куянов айтқан еді, «Радиоточка» компаниялардан пікір сұрады.
«Кселл» АҚ корпоративтік коммуникациялар бөлімінің бастығы Наталья Еськова алдымен компания ресми жауап дайындап жатқанын хабарлады, екі сағаттан соң жауап келді. Онда: «Оператор ТЖК-ның SMS хабарламаларын әрдайым тегін таратады», — делінген. Kcell өкілінің айтуынша, операторлар мен ҚР ТЖМ арасындағы келісім бойынша адам өмірі мен денсаулығына қатер туралы хабарламалар ғана таратылады. Компанияның мәлімдеуінше, Алматы ТЖД жіберген мәтіндер бекітілген форматқа сәйкес келмеген, сондықтан оператор ТЖК регламенті бойынша әрекет еткен. Kcell келісімге өзгерістер енгізу туралы ТЖК-ға ұсыныс дайындап жатыр.
Tele2 компаниясының қоғаммен байланыс жөніндегі маманы Юлия Антонова ТЖД-мен жасалған шарт бойынша оператор SMS-ескертуге арналған тәулік бойы жұмыс істейтін тегін арна беретінін, бірақ тек бекітілген үлгілер бойынша ғана жұмыс істеуге міндетті екенін айтты. «Таратуға арналған мәтінді екі рет алдық, ол ТЖД бекіткен үлгілердің ешқайсысына сай келмеді», — деді ол. Оның сөзінше, келісілген мәтін түскен бойда хабарлама тарату басталған.
«Билайн Қазақстан» компаниясының корпоративтік коммуникациялар жөніндегі директоры Алексей Бендзь әкімдіктің мәлімдемесі іркіліс үшін жауапкершілікті операторға аударып отыр деп санайды. «Оқиға түнгі сағат үштер шамасында болды, ал бізге, «Билайнға», алғаш рет таңғы 8:34-те қоңырау шалды», — деді ол. Оның пікірінше, ТЖД-мен өзара іс-қимылдың қазіргі тәртібі жетілмегені көрінді. Компания форс-мажор жағдайына арналған қызметкерлер нұсқаулығын жаңартты. «Билайн» сағат 10:00-ден бастап Алматы мен облыста су тасқыны қаупі жоқ екені туралы хабарлама таратқан. Бендзьдің айтуынша, 70 мың SMS жіберілген, тарату жалғасып жатыр.
Altel компаниясы жағдайға пікір білдіре алмады: баспасөз хатшысы орнында болмады.
«Радиоточка» материалдары бойынша.



