Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон неке қию тәртібін өзгертетін Отбасы кодексіне түзетулерге қол қойды. Бұл туралы «Азия-Плюс» порталы хабарлады.
2016 жылғы 1 шілдеден бастап ел азаматтары үйленер алдында тегін медициналық куәландырудан өтіп, АИТВ/ЖИТС-ке қан тапсыруға міндетті. Бұл анықтамаларсыз АХАЖ органдары некені тіркемейді.
Сонымен қатар заң туыстар арасындағы некеге, соның ішінде бауырлардың балалары арасындағы, сондай-ақ ағай не апаймен некеге тыйым салды.
Денсаулық сақтау және әлеуметтік қорғау министрлігінің дерегінше, 2015 жылдың басында Тәжікстанда 18 жасқа толмаған 30 мыңнан астам мүгедек бала болған, олардың 35 пайызы туыстар арасындағы некеден туған.
2014 жылғы маусымда Ішкі істер министрі Рамазон Хамро болашақ ерлі-зайыптыларға таңдаған адамының «тазалығына» көз жеткізу үшін оны ІІМ дерекқоры бойынша тексеруді ұсынған еді. Оның айтуынша, жезөкшелікке, жеңгетайлыққа және азғындық орнын ұстауға қатысы барлар ерекше назарда болуы тиіс, себебі бұл жыныстық жолмен берілетін инфекциясы бар адамдарды анықтауға көмектеседі.
Тәжікстанның бейресми БАҚ-тары елге ЖИТС эпидемиясы қаупі төніп тұрғанын жазып жүр. Tagmigrant.com порталы аурудың таралуының басты себебі жаппай еңбек көші-қоны екенін айтады. Ресми дерек бойынша Тәжікстанда 7142 адамнан АИТВ анықталған.
«Радиоточка» материалдары бойынша.



