Қазақстан-Ресей шекарасындағы «Сырым» ветеринариялық бекетінде 605 мың тағамдық тауық жұмыртқасы елге өткізілмеді. Жүкті екі жүк көлігі Ресейдің Самара облысынан Қызылорда облысына алып келе жатқан, алайда сыртқы қаптамасында таңбалау жапсырмалары болмаған. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрлігі хабарлады.
Екі көлік те жөнелтілген жеріне кері қайтарылды. Жүргізушілерге Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 406-бабы бойынша хаттама толтырылып, айыппұл салынды.
Тасымалдаушы өкілдеріне Қазақстан мен ЕАЭО-ның ветеринариялық-санитариялық талаптары, оның ішінде Кеден одағы комиссиясының 2010 жылғы 18 маусымдағы №317 шешімі түсіндірілді. Министрлік өнімді шекарадан заңды түрде өткізу үшін таңбалау, ветеринариялық ілеспе құжаттардың дұрыс ресімделуі және өнімнің талаптарға сәйкес болуы міндетті екенін еске салды.
Жыл басынан бері өңірдегі ветеринариялық бекеттерде 294 құқық бұзушылық тіркелген: сонша көлік кері қайтарылып, 147 адамға әкімшілік шара қолданылды.
Ресейден әкелінген жұмыртқа шекарада бірінші рет тоқтатылып отырған жоқ. Бұған дейін «Жайсаң» бекетінде Байқоңырға транзитпен бара жатқан 252 мың жұмыртқа кері бұрылған. Ал 2025 жылғы қарашада дәл осы «Сырым» бекетінен Самара облысынан келген 63 мың жұмыртқа қайтарылды: жөнелтуші ЕАЭО елдеріне жануарлардан алынатын өнім жеткізуге рұқсат етілген ұйымдар тізілімінде болмаған.



