Грек-рим күресінен 67 келі салмақта сынға түсетін қазақстандық балуан Бағдат Сабаз 27 қазанда Астанадағы әлем чемпионатының жұбаныш белдесуінде жеңіп, қола медаль үшін күреседі. Ол қытайлық Цзинь Синьсиньді 8:5 есебімен ұтты.
Қола жүлде үшін Сабаз әзербайжандық Хазрат Жафаровпен белдеседі. ҚР Ұлттық олимпиада комитетінің мәліметінше, медаль үшін белдесулер Астана уақытымен сағат 18:00-де басталатын кешкі сессияда өтеді. Әлем чемпионатында әр салмақ дәрежесінде екі қола медаль сарапқа салынады.
Жүлдеге таласу мүмкіндігін қазақстандық балуан ширек финалдағы жеңілістен кейін алды. Онда Сабаз осы салмақтағы Париж-2024 олимпиадасының чемпионы, ирандық Саид Эсмаилиге 2:7 есебімен есе жіберді. Кейін Эсмаили жартылай финалда дәл Жафаровты 1:1 есебімен көрсеткіш бойынша жеңіп, финалға шықты. Күрес ережесі бойынша болашақ финалистерге жеңілген балуандар жұбаныш белдесулерінде бақ сынайды.
Ширек финалға дейін Сабаз екі белдесуде жеңіске жетті. Іріктеу кезеңінде ол Азияның қазіргі чемпионы, қырғызстандық Раззак Бейшекеевті 8:4 есебімен ұтты. 1/8 финалда бірінші кезеңнен кейін болгариялық Абу-Муслим Амаевтен 0:5 есебімен қалып қойса да, есені қайтарып, 7:5 есебімен жеңді.
Сабаз медаль үшін белдесуде жеңсе, Қазақстан үй чемпионатында грек-рим күресінен үшінші қола медальді олжалайды. 25 қазанда Айдос Сұлтанғали мен Исхар Құрбаев қола алды, олар 60 және 55 келі салмақта өнер көрсетті. Сол күні Алматбек Аманбек, Ислам Евлоев және Олжас Сырлыбай алтыннан үміт үзді.
Әлем чемпионаты Астанада 24 қазан мен 1 қараша аралығында «Барыс Арена» спорт сарайында өтіп жатыр. Оған 135 елден 900-ге жуық спортшы қатысады.



