Samsung 2026 жылдың төртінші тоқсанында Galaxy A смартфондарын жыл басында жоспарлағаннан шамамен 20% аз шығарады. Бұл туралы Оңтүстік Кореяның ETNews іскерлік газеті саладағы дереккөздерге сілтеме жасап хабарлады. Себебі — жад микросхемалары бағасының күрт өсуі. Мәселе компанияның ең көп сатылатын желісіне қатысты: басылым мәліметінше, Samsung смартфондарының шамамен 70%-ы Galaxy A үлесіне тиесілі.
ETNews деректері бойынша, қазан–желтоқсан айларына берілген бөлшек тапсырыстары жыл басында бекітілген өндіріс жоспарынан шамамен 20% төмен. Бүкіл жылға шаққанда бұл — шығарылмай қалатын 10 миллионға жуық смартфон. Газеттің жазуынша, 2027 жылы Samsung Galaxy A өндірісін тағы кемінде 10% қысқартпақ. Компанияның өзі бұл мәліметке пікір білдірмеді.
Басты мәселе — жад. Кейбір арзан смартфондарда ол өзіндік құнның жартысынан асады, сондықтан чип бағасының әр секірісі ең алдымен бюджеттік модельдерге соққы болады. Оның үстіне баспа платалары мен шағын конденсаторлар (MLCC — кез келген электроникада бар ұсақ бөлшектер) өндірушілері ең алдымен жасанды интеллектке арналған тиімдірек чип тапсырыстарын орындап жатыр. Мұндай жағдайда Samsung, ETNews мәліметінше, тапшы бөлшектерді табысы көбірек қымбат Galaxy S флагмандары мен бүктелетін Galaxy Z смартфондарына бағыттап отыр. Осы уақытқа дейін компания Galaxy A өндірісін бұрынғы деңгейде ұстап келді. Оған шикізатқа қолжетімділігінің қытайлық бәсекелестерге қарағанда жақсы болғаны да себеп болған.
Сатып алушылар үшін бұл бағаның өсуіне әкелуі мүмкін. ETNews-ке пікір берген сала өкілінің ескертуінше, келесі Galaxy A модельдері алдыңғы нұсқалардан қымбат болып, экраны не камерасы қарапайымдау болып шығуы ықтимал. Galaxy A смартфондары Қазақстанда да кеңінен сатылады, сондықтан жеткізілімнің азаюы жергілікті дүкендердегі арзан смартфондар таңдауына да әсер етуі мүмкін. Алайда жекелеген елдерге қатысты мұндай жоспар әзірге айтылған жоқ.
Өндірісті қысқарту Samsung-тың нарықтағы орнына да әсер етуі мүмкін. Соңғы жылдары корей компаниясы мен Apple әлемдегі ең ірі смартфон өндірушісі атағы үшін бәсекелесіп келеді: тамызда Counterpoint сарапшылары 2026 жылдың қорытындысы бойынша Samsung Apple-ды небәрі 0,1 пайыздық тармаққа озады деп болжаған. Қазір Galaxy A желісіне, атап айтқанда, Galaxy A57, A37 және A17 5G кіреді. Жадтың қымбаттауы бүкіл нарыққа әсер етіп жатыр: GSMArena мәліметінше, Samsung-тың мобильді бөлімшесі жылды алғаш рет шығынмен аяқтауы мүмкін, ал сарапшылардың дерегінше, Қытайда үшінші тоқсанда смартфон жеткізілімі соңғы 14 жылдағы ең төмен деңгейге түскен.



