«Жасыл даму» АҚ кәдеге жарату төлемінің қаражатынан қалдықтармен жұмыс істейтін 34 жобаға 122,6 млрд теңге бөлді. Ақша өңдеу өндірістері мен сұрыптау кешендерін салуға және арнайы техника сатып алуға жұмсалды. Бұл туралы Экология және табиғи ресурстар министрлігі хабарлады.
Жобалардың 15-і пайдалануға берілді. Олардың аясында 131 техника сатып алынды, жылына 290 мың тонна қалдықты сұрыптайтын желілер мен жалпы қуаты жылына 19,3 мың тонна болатын өңдеу өндірістері іске қосылды.
Барлығы жалпы қуаты жылына 650 мың тонна қатты тұрмыстық қалдықты сұрыптайтын алты нысан, қуаты жылына 435 мың тонна болатын 18 өңдеу жобасы және 177 арнайы техника алуға арналған он жоба қаржыландырылды. Бұл жобалар макулатураны, ПЭТ-бөтелкелерді, автокөлік шиналарын және басқа қалдықтарды өңдеуге, сондай-ақ жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарды жаңғыртуға арналған.
Ең көп қаражатты Алматыдағы, Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Ақтөбе және Қостанай облыстарындағы жобалар алды. Жобалар Астанада, Шымкентте, Атырау, Ақмола, Маңғыстау, Шығыс Қазақстан, Абай облыстарында және басқа өңірлерде де іске асып жатыр.
Бұл – толық көлем емес. Министрлік жанындағы инвестициялық штаб жалпы сомасы 440 млрд теңгені құрайтын 67 жобаны мақұлдаған. Қалғандары қарау, келісу және қаржыландыруға дайындық сатысында тұр. Бұған дейін министрлік мұндай жобаларға 116 млрд теңге бөлінгенін хабарлаған.
Кәдеге жарату төлемінің қаражаты Экология кодексіне сәйкес бөлінеді. Мақсат – қалдықты өңдеу көлемін арттыру, полигонға көмуді азайту және қайталама шикізатты экономикаға қайтару.



