Мазмұнға өту

Ресей Киевтегі ЖОО-ға зымыран соқты: 1 адам қаза тапты, 10 адам жараланды

Зымырандар астананың сол жағалауындағы сауда-экономикалық университет аумағына, «Киото» саябағына және метро маңына тиді, ал таңға қарай Ресей шабуылды қайталап, Оңтүстік көпірді зақымдады.

Спасатели ГСЧС на месте удара российской баллистической ракеты в Киеве вечером 26 октября 2026 года
Фото: ГСЧС Украины

26 қазан күні кешке Ресей Киевке баллистикалық зымырандармен соққы берді. Зымырандар астананың солтүстік-шығысындағы, Днепрдің сол жағалауында орналасқан Деснянский ауданындағы Мемлекеттік сауда-экономикалық университетінің аумағына, «Киото» саябағына және «Лесная» метро станциясының маңына тиді. Украина Мемлекеттік төтенше жағдайлар қызметі мен Киев мэрі Виталий Кличконың мәліметінше, бір адам қаза тауып, тағы 10 адам жараланды. Зардап шеккендердің көбі – университет жатақханасында тұратын студенттер. Шабуыл Киев уақытымен шамамен 21:45-те (Астана уақытымен 00:45-те) басталды. Ал 27 қазанға қараған түні басқыншылар қалаға баллистикалық зымырандармен қайта соққы беріп, үстімен метро өтетін Оңтүстік көпірді зақымдады.

Украина Қарулы күштерінің Әуе күштері Киев уақытымен шамамен 21:40-та Ресейдің Брянск облысы жағынан баллистикалық зымыран қаупі бар екенін ескертті. Кейін зымырандардың елдің солтүстігіндегі Чернигов облысы арқылы астанаға қарай ұшып келе жатқанын хабарлады. Баллистикалық зымыран нысанаға бірнеше минутта жетеді, оны тек санаулы әуе қорғанысы жүйелері, ең алдымен американдық Patriot кешендері ғана құлата алады. Бірнеше минуттан кейін Киевте қатарынан жарылыстар естілді.

Ең көп зардап шеккен – Деснянский ауданы. Төтенше жағдайлар қызметінің хабарлауынша, зымыран оқу орнының аумағына түсіп, университеттің оқу ғимаратын, жатақханаларды және маңайдағы тұрғын үйлерді зақымдады. Жатақхана жанындағы жарылыстан терезелер сынды. Жараланғандардың арасында 20 жастағы студент қыз бар, ол ауруханаға жеткізілді. Тағы бір зымыран метро станциясының қасында жарылып, көлік өртенді. Киев қалалық әскери әкімшілігі мектеп ғимараты зақымданғанын, сондай-ақ тұрғын үйдің үйіндісі астында адамдар қалуы мүмкін екенін хабарлады.

2026 жылғы 26 қазанда Ресейдің Киевке берген зымыран соққысының салдары
Фото: Украина Мемлекеттік төтенше жағдайлар қызметі

Соққыдан дәрігерлер де зардап шекті. Шақыруға бара жатқан жедел жәрдем бригадасы жарылыс болған жерге жақын қалды: фельдшер мен жедел медициналық техник жараланып, көлік зақымданды. Кличконың айтуынша, медиктердің жарақаты ауыр емес, олар жұмысын жалғастырды.

Қаза тапқан адам сол жағалаудағы Днепр ауданында болған. Мұнда зымыран үш қабатты тұрғын емес ғимаратты шатырынан жертөлесіне дейін ішінара қиратты. Құтқарушылар адамның денесін супермаркеттің жанынан тапты. Сол ауданда жарылыс толқынынан екі медициналық мекеменің терезелері сынды, оның бірінде реанимация бөлімі орналасқан. Кличконың мәліметінше, науқастар мен қызметкерлер зардап шеккен жоқ.

Жараланғандар саны кеш бойы өсті. Киев уақытымен 22:41-де мэр бес адамның зардап шеккенін, 22:51-де жеті адамның жараланғанын хабарлады. Сағат 23:11-ге қарай дәрігерлер сегіз жаралыны тіркеді, олардың үшеуінің жағдайы ауыр. Киев уақытымен 23:24-тегі (Астана уақытымен 02:24-тегі) қорытынды бойынша бір адам қаза тауып, 10 адам жараланды, тоғыз адам ауруханаға жатқызылды.

Киевте Ресей зымыраны соққан жерде жұмыс істеп жатқан құтқарушылар
Фото: Украина Мемлекеттік төтенше жағдайлар қызметі

Украина Президенті Владимир Зеленский соққы салдарының бейнежазбасын жариялап, Ресейдің бейбіт тұрғындар тұратын кварталдарды атқылағанын атап өтті. «Зымырандар адам көп жүретін жерлерге тиді, маңайда бірде-бір әскери нысан жоқ», – деп жазды ол. Зеленский қайталама соққылар болуы мүмкін екенін ескертіп, әуе қорғанысы құралдарын жеткізудегі «жасанды кідірістер» ресейлік лаңкестікке көмектесіп отырғанын мәлімдеді. Ол серіктестерді саяси уағдаластықтарды тезірек орындауға және Украинаға Ресейдің баллистикалық зымыран ұшыру қондырғыларын жоюға мүмкіндік беретін қару беруге шақырды.

Зеленскийдің Telegram-арнасындағы бейнежазбада соққы болған жердегі жанып жатқан көліктер мен қираған ғимараттар көрінеді:

Президенттің ескертуі расқа айналды. Киев уақытымен шамамен 03:30-да (Астана уақытымен 06:30-да) Әуе күштері астанаға тағы да баллистикалық қауіп жариялады, әуе дабылы бір сағатқа жуық созылды. Кличко Днепрдің оң жағалауындағы Подол ауданында әкімшілік ғимаратқа зымыран тигенін, тағы екі мекенжайда тұрғын емес ғимараттар зақымданғанын хабарлады. Киев уақытымен шамамен 05:00-де (Астана уақытымен 08:00-де) мэр Днепр арқылы өтетін негізгі көпірлердің бірі – Оңтүстік көпірге соққы тигенін мәлімдеді. Бұл көпірмен көліктер де, метро пойыздары да жүреді. Көпірдегі метрополитен инфрақұрылымы зақымданды. Таңертеңгі уақытқа дейін екінші шабуылдан зардап шеккендер туралы хабар болған жоқ.

Соққылардың салдарын бүкіл қала сезінеді. Патрульдік полицияның мәліметінше, Оңтүстік көпірде қозғалыс екі бағытта да жабылды. Метроның жасыл желісі бөліктерге бөлініп жұмыс істеп тұр: «Сырец» пен «Выдубичи», «Осокорки» мен «Красный хутор» станциялары аралығында ғана жүреді, пойыздар көпір арқылы өтпейді. Қызыл желі тек «Академгородок» пен «Дарница» аралығында қатынайды, «Черниговская» және «Лесная» станциялары жолаушылар үшін жабылды. Кешкі шабуылдан кейін көп ұзамай Киевтің бірнеше ауданында жарық сөнді. ДТЭК компаниясының хабарлауынша, «Укрэнерго» нұсқауымен астанада электр қуаты шұғыл түрде сөндірілді, сағаттық сөндіру кестелері күшін жойды.

Киевте Ресейдің баллистикалық зымыраны соққан жердегі құтқарушылар
Фото: Украина Мемлекеттік төтенше жағдайлар қызметі

Киевтегі студенттер қалашығына соққы БҰҰ-ның Украина жөніндегі тәуелсіз халықаралық тергеу комиссиясы баяндама ұсынған күні болды. Комиссия Ресейдің Украина энергетикасына жасаған шабуылдарын адамзатқа қарсы қылмыс, ал бейбіт нысандарға соққыларды әскери қылмыс деп таныды. Бір күн бұрын Кремль келіссөздер кезінде Украинаға соққыны тоқтатудан бас тартты, ал Зеленский бейбіт процестің алға жылжып келе жатқанын айтып, қараша айының басында Украина, АҚШ және Ресейдің үшжақты кездесуі өтеді деп күтіп отыр.

Ресей Киевті баллистикалық зымырандармен үнемі атқылап келеді, соның ішінде тұрғын кварталдарға да соққы береді. Кличконың есебінше, өткен аптада астанада әуе дабылы 30 реттен астам жарияланды. Ресей шабуылдарынан төрт адам қаза тауып, 50-ден астам адам жараланды, тұрғын үйлер, маңызды инфрақұрылым нысандары және жедел жәрдемнің алты көлігі зақымданды.

БөлісуTelegramWhatsAppVKFacebookX

Сондай-ақ оқыңыз