26 қазан күні кешке әр елдегі Telegram пайдаланушылары мессенджер жұмысындағы іркіліске тап болды: хабарламалар жіберілмеді, чаттар мен суреттер ашылмады, хабарландырулар кешігіп келді немесе мүлде келмеді. Кейбір пайдаланушылар аккаунтына кіре алмады. Алғашқы шағымдар Астана уақытымен сағат 18:00 шамасында пайда болды.
Ақауларды бақылайтын Downdetector сервисінің дерегінше, сағат 18:40-қа қарай тек АҚШ-тан 1,5 мыңнан астам шағым түскен, ал әдетте олардың саны бірнешеуден аспайды. Қиындық туралы хабарлар Бразилиядан, Канададан және Латын Америкасының басқа елдерінен, сондай-ақ Германия, Испания, Франция, Италия, Нидерланд, Хорватия, Жапония, Индонезия мен Ресейден де келді. Ақау туралы қазақстандық басылымдар да жазды.
Пайдаланушылар көбіне мобильді қосымшадағы және хабарлама жіберу кезіндегі қателерге, хабарландыру мен аккаунтқа кіру мәселесіне шағымданды. Веб-нұсқада хабарламалар алдымен жіберілгендей көрініп, кейін олардың жанында қате белгісі шыққан.
Telegram ақаудың себебін ресми түрде атаған жоқ: Астана уақытымен сағат 20:00-ге дейін компания жағдайға түсініктеме бермеді, жұмыс қашан толық қалпына келетінін де айтпады.
Сол кеші Steam ойын сервисінде де іркіліс тіркелді: Downdetector дерегінше, бір сағатта оған 2,4 мыңнан астам шағым түсті, олардың арасында Қазақстаннан келгендері де бар.
Telegram — Қазақстандағы ең танымал мессенджерлердің бірі, ал әлемде оны ай сайын 1 млрд-тан астам адам пайдаланады. Бұл сервистің биылғы алғашқы ауқымды ақауы емес: наурызда да Telegram пайдаланушылары бүкіл әлемде қолжетімділік мәселесіне шағымданған, сол кезде Қазақстандағы шағымдардың көбі Алматыдан түскен.



