Apple бүктелетін iPhone Duo смартфонының ішкі экраны сынып жатқаны туралы алғаш рет ресми пікір білдірді. Компания 26 қазанда MacRumors басылымына және Bloomberg тілшісі Марк Гурманға мәселені білетінін растады: «iPhone Duo құрылғыларының аз бөлігінде ішкі дисплейге қатысты ақау бар екенін білеміз». Экраны зақымдалған смартфон иелеріне Apple құрылғыны ауыстыру үшін AppleCare қызметіне жүгінуге кеңес береді.
Мәлімдемеде ақаудың себебі де, оны қашан түзететіні де, қанша құрылғы зардап шеккені де айтылмаған. Bloomberg мәліметінше, мәселені Apple инженерлері зерттеп жатыр, ал дүкен қызметкерлері мен қолдау қызметіне әлі ресми нұсқаулық берілмеген. Компания сатып алушылардың көбінде экран дұрыс жұмыс істейтінін, ал ақаулы құрылғыларда сызат сатып алғаннан кейін көп ұзамай пайда болатынын айтады. Яғни бұл уақыт өте келе барлық смартфонда шығатын ақау емес. Сонымен қатар Apple әлеуметтік желіде тараған сынық экран суреттерінің бір бөлігін жасанды интеллект жасағанын мәлімдеді. Сондықтан мәселенің нақты ауқымын бағалау қиын.
Шағымдардың бәрі бір-біріне ұқсас. Смартфон иелерінің айтуынша, алдымен топса қатты ашыла бастайды, экранның астынан томпақ сезіледі, содан кейін сықырлаған дыбыс шығады. Артынша ішкі дисплейдің төменгі жартысында, бүгілетін тұсында сызат немесе жарқыраған «қатып қалған» пикселдер жолағы пайда болады. iFixit шеберлері смартфонды бөлшектеп, ықтимал себебін атады: бүктеген кезде төмен түсуге тиіс топсаның ортаңғы тірегі жеткілікті түспей, экранды басып тұруы мүмкін.
Жаңа құрылғыны бірден алу бәріне бірдей сәтті бола бермейді. MacRumors пен PhoneArena мәліметінше, кейбір Apple дүкендерінде ауыстыруға смартфон қалмаған, ал кейбір сатып алушыларға алдымен зақымдалған iPhone-ды поштамен жіберу ұсынылған. Зауыттық ақау бойынша ауыстыру үшін ақылы AppleCare+ сақтандыруы қажет емес: мұндай жағдайды кәдімгі кепілдік қамтиды. Егер топса қатты ашылса немесе ашқанда сықыр естілсе, смартфонды ашпай, бірден қолдау қызметіне хабарласқан жөн.
Бұл мәселе Қазақстан үшін де өзекті: iPhone Duo елімізде 30 қазанда еркін сатылымға шығады, алдын ала тапсырыс қазірдің өзінде басталған, ал ресми бағасы 1 399 990 теңгеден басталады.
iPhone Duo — Apple-дің алғашқы бүктелетін смартфоны. Компания оны 9 қыркүйекте таныстырды. АҚШ-та және тағы 70-тен астам елде смартфон 23 қазанда сатылымға шықты. Американдық Apple дүкенінде оның бағасы 1 999 доллардан басталады — бұл Ұлттық банк бағамы бойынша шамамен 902 мың теңге, ҚҚС пен дүкен үстемесі есептелмеген. Экран сызаттары туралы шағымдар сатылымның алғашқы күндерінде-ақ пайда болды, ал Samsung бұл мәселені Galaxy Z Fold 8 жарнамасында пайдаланып үлгерді. Бүктелетін смартфондардың алғашқы буындарында бүгілетін тұстағы мұндай ақауларға басқа өндірушілер де тап болған.



