Мазмұнға өту

Kraken криптоплатформасы Қазақстан нарығына шығады

АХҚО реттеушісі компанияға алдын ала мақұлдау берді, бірақ ол лицензиялық талаптардың бәрін орындағаннан кейін ғана жұмыс істей алады.

Премьер-министр Казахстана Олжас Бектенов на встрече с со-генеральным директором Kraken Дэвидом Рипли

АҚШ-тың Kraken криптоплатформасы «Астана» халықаралық қаржы орталығының реттеушісі – Астана қаржылық қызметтер комитетінен (AFSA) алдын ала мақұлдау (In-Principle Approval) алды. Сонымен қатар компания Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігімен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Бұл туралы 27 қазанда министрлік хабарлады.

Алдын ала мақұлдау – лицензиялаудың негізгі кезеңдерінің бірі. Kraken АХҚО юрисдикциясында белгіленген талаптардың бәрін орындағаннан кейін ғана жұмысын бастай алады. Нарыққа шығу мерзімі хабарламада айтылмаған.

Меморандум цифрлық активтер нарығын реттеуді жетілдіруді, цифрлық қаржыны дамытуды, банк инфрақұрылымын осы нарықпен ықпалдастыруды және блокчейн технологияларын енгізуді қамтиды. Тараптар бірлескен білім беру жобалары мен қаржылық сауаттылықты арттыру жөнінде де келісті.

Құжатқа AI & Digital Bridge 2026 форумында қол қойылды. Форумда Премьер-министр Олжас Бектенов Kraken компаниясының бірлескен бас директоры Дэвид Риплимен кездесті. Олар цифрлық активтер нарығын, финтехті дамыту және саланы реттеу мәселелерін талқылады.

«Kraken сияқты ірі халықаралық ойыншылардың қазақстандық нарыққа шығуы – маңызды қадам», – деді Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі Ғиззат Байтұрсынов. Министрлік компанияның келуі Қазақстанның өңірлік криптохаб ретіндегі орнын нығайтады деп күтеді.

Kraken 2011 жылы АҚШ-та құрылған, Payward тобына кіреді. Платформада цифрлық активтерді сатып алуға, сатуға, сақтауға және саудалауға болады.

БөлісуTelegramWhatsAppVKFacebookX

Сондай-ақ оқыңыз