Соңғы үш жылда Балқаш көліне шамамен 40 млрд текше метр су құйылып, су айдынының деңгейі тұрақталды. Бұл туралы Су ресурстары және ирригация министрлігі хабарлады.
2024 жылы көлге шамамен 15,9 млрд текше метр, 2025 жылы шамамен 13,9 млрд текше метр су жіберілген. 2026 жылдың басынан бері 9,7 млрд текше метрден астам су түсті. Су трансшекаралық Іле өзенінің ағынын реттейтін Қапшағай су қоймасынан жіберіледі. Биыл су қоймасы 98 пайызға, алдыңғы екі жылда 100 пайызға толтырылған.
Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітовтің айтуынша, Іле өзенінің ағыны көпжылдық орташа деңгейде сақталып отыр. Соның арқасында Балқаштың деңгейі Балтық биіктік жүйесі бойынша 341 метрлік оңтайлы белгіде тұр.
Сонымен бірге министрлік француз сарапшыларымен бірлесіп Балқаш көлін 2040 жылға дейін сақтаудың мастер-жоспарын әзірлеп жатыр. Далалық зерттеулер жүргізілді, қазір мамандар олардың нәтижесін талдап жатыр.
Іле өзені Қытай аумағынан бастау алады, сондықтан Балқашқа жететін су көлемі трансшекаралық су пайдалануға да байланысты.



