Қазақстандық теннисші Анна Данилина мен қытайлық Цзян Синьюй Токиодағы WTA 500 турнирінің жұптық сынында бірінші айналымда жеңіліп қалды. 28 қазанда екінші нөмірмен сұрыпталған жұп итальяндық Сара Эррани мен Жасмин Паолиниге 6:7 (7:9), 2:6 есебімен есе жіберді. Кездесу 1 сағат 27 минутқа созылды.
Бірінші сет 53 минутқа созылып, тай-брейкке ұласты. Онда итальяндықтар 6:7 есебінде сетболды қорғап қалды. Екінші партия 34 минутта аяқталды. Матч барысында Эррани мен Паолини жеті брейк-пойнттың бесеуін пайдаланып, қарсыластың тоғыз брейк-пойнтының алтауын қорғады. Ширек финалда олар америкалық Эйша Мухаммад пен қытайлық Чжан Шуаймен ойнайды.
Эррани мен Паолини — Париж-2024 Олимпиадасының жұптық сынындағы чемпиондары. Токиода итальяндықтар WTA қорытынды турниріне соңғы жолдама үшін күресіп жүр, бұл бәсекеде олардың басты қарсыластары — Тереза Михаликова мен Оливия Николлс. Итальяндықтардың Жапониядағы алғашқы матчы жаңбырға байланысты екі тәулікке шегерілді: ол шатыры жоқ кортта өтуге тиіс еді.
Toray Pan Pacific Open — әйелдер турының ең көне турнирлерінің бірі. Ол 26 қазан мен 1 қараша аралығында «Ариакэ Колизеумның» хард корттарында өтіп жатыр. Жұптық торда 16 команда бар, жарыстың жүлде қоры — 1 206 446 доллар. Жекелей сында Токиода бірінші нөмірмен Елена Рыбакина өнер көрсетеді, екінші айналымда оған Юлия Путинцева қарсылас болды.
Данилина мен Цзян үшін бұл — турнир басындағы қатарынан екінші жеңіліс: бір апта бұрын олар төртінші нөмірмен сұрыпталып, Нинбода бірінші айналымда ұтылған еді. Оған дейін Уханьда қазақстандық теннисші Чжан Шуаймен бірге ширек финалдан шығып қалды. Данилина Азиядағы күзгі турнирлер сериясын түрлі серіктестермен өткізіп жүр: оның тұрақты серіктесі, сербиялық Александра Крунич тізесінен жарақат алды, сондықтан жұп WTA қорытынды турниріне қатыса алмайтын болды.



