Мазмұнға өту

Төртінші дивизиондағы «Флитвуд» «Арсеналды» кубоктан шығарды

Ланкаширлік клуб турнир тарихында алғаш рет ширек финалға шықты, ал лондондықтар Макс Доуман алаңнан қуылғаннан кейін ойынды 10 адаммен аяқтады.

Матч «Флитвуд Таун» — «Арсенал» в 1/8 финала Кубка английской лиги на стадионе «Хайбери» во Флитвуде

Англияның төртінші деңгейдегі дивизионы – Лига 2-де 18-орында тұрған «Флитвуд Таун» Англия лигасы кубогынан «Арсеналды» шығарып жіберді. 1/8 финал ойыны 27 қазанда Флитвудтағы «Хайбери» стадионында өтіп, 1:1 есебімен тең аяқталды. Пенальти сериясында қожайындар 5:3 есебімен басым түсті. Ойын Астана уақытымен 28 қазанда сағат 01:00-де басталды.

21-минутта есепті «Фулхэмнен» жалға алынған Аарон Лупало-Би ашты. 50-минутта Виктор Дьёкереш есепті теңестірді. Бұл – швед шабуылшысының осы маусымдағы алғашқы голы. Негізгі уақыттың аяқталуына бес минут қалғанда «Арсенал» 10 адаммен қалды: 16 жастағы жартылай қорғаушы Макс Доуман Энди Кэннонды тепкені үшін тікелей қызыл қағаз алды. Доуман ересектер футболында алғаш рет алаңнан қуылды.

Лондондықтар ойынның басым бөлігінде допты иеленіп, күтілетін голдар (xG) көрсеткіші бойынша да қарсыласынан едәуір асып түсті – 2,21-ге қарсы 0,26. «Флитвуд» небәрі үш рет соққы жасады, оның екеуі қақпа аясына дәл тиді. Қожайындардың қақпашысы Джей Линч бес рет қақпаны құтқарып қалды, ал пенальти сериясында Бруну Гимарайнстың соққысын қайтарды. «Флитвуд» ойыншылары бес соққының бәрін гол етті, шешуші пенальтиді Конор Хоги соқты.

Англия лигасы кубогы – елдегі маңызы жағынан екінші ұлттық кубок, оған төрт кәсіпқой дивизионның 92 клубы қатысады. Мэтт Лоулор басқаратын «Флитвуд» тарихта алғаш рет турнирдің ширек финалына шықты. Бұған дейін команда Премьер-лига клубтарымен өткен бес кездесудің бірінде де жеңбеген. Микель Артетаның «Арсеналы» – Англияның қазіргі чемпионы.

Алдыңғы айналымда лондондықтар қонақта «Ипсвичті» 4:2 есебімен ұтқан еді, сол ойында 16 жастағы Доуман екі гол соққан. «Арсенал» келесі ойынын жексенбі күні Премьер-лигада өткізеді – қонақта «Ливерпульмен» кездеседі.

БөлісуTelegramWhatsAppVKFacebookX

Сондай-ақ оқыңыз