Қазақстандық боксшы Зарина Толыбай 19 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында 80 келіден жоғары салмақта чемпион атанды. 27 қазанда Черногорияның Будва қаласында өткен World Boxing турнирінің финалында ол ресейлік Самира Итониеваны төрешілердің 4:1 есебіндегі бөлінген шешімімен жеңді. Үшінші раундта қарсыласына ашық санақ жарияланды.
Толыбайдың алтыны Қазақстан үшін осы чемпионаттағы алғашқы әрі жалғыз алтын медаль болды. Құрама барлығы сегіз жүлде жеңіп алды: бір алтын, үш күміс және төрт қола. Ерлер мен әйелдердің жалпы медаль есебінде Қазақстан төртінші орынға тұрақтады. Бес алтын медаль жеңіп алған Ресей бірінші орын алды. Екінші орындағы Өзбекстанның төрт алтыны бар, жүлделерінің жалпы саны қазақстандықтардікімен бірдей — сегіз. Финалда екі рет жеңген АҚШ үшінші болды.
Тағы үш қазақстандық финалға шығып, жеңіліп қалды. 70 келіге дейінгі салмақта Бибарыс Әшірбай күміс алды: ол ирландиялық Джон Донохьюге есе жіберді. 57 келіге дейінгі салмақта Алина Құдайгенова ресейлік боксшыға, Анастасия Голуноваға жол берді. 90 келіден жоғары салмақта Владислав Саможонов өзбекстандық Ислам Салиховқа 1:4 есебімен бөлінген шешіммен ұтылды.
Мадира Жұмақан (51 кг), Индира Қыдырмолдаева (60 кг), Данияр Ақбисенов (60 кг) және Еркетан Жарқынбек (90 кг) қола жүлдегер атанды. Ерлердің жеке медаль есебінде екі күміс пен екі қола медалі бар Қазақстан сегізінші орын алды.
World Boxing ұйымдастырған жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионаты Будвада 16–27 қазан аралығында өтті. Оған 69 ұлттық федерациядан 474 боксшы қатысты, ерлер мен әйелдер арасында он салмақ дәрежесінде медаль сарапқа салынды. Турнир екінші рет ұйымдастырылды: 2024 жылы АҚШ-тың Пуэбло қаласында өткен алғашқы чемпионатта қазақстандықтар алтын медаль ала алмаған еді.



