Сиэтлде тұрған 31 жастағы бағдарламашы Боуэн Ванның ата-анасы OpenAI компаниясы мен оның басшысы Сэм Альтманды сотқа берді. Олардың айтуынша, ChatGPT эпилепсиямен ауырған қыздарына құрысуға қарсы дәріні өз бетінше тоқтатуға көмектескен, соның салдарынан ол 2026 жылғы ақпанда көз жұмған. Қаза үшін жауапкершілік туралы талап арыз 27 қазанда Сан-Францискодағы Калифорния жоғары сотына түсті.
Талапкерлердің нұсқасы бойынша, GPT-4o моделіндегі чат-бот әйелге ламотриджин дозасын азайтудың күнделікті кестесін жасап берген: тәулігіне 400 мг-нан 25 күнде нөлге дейін. Талап арызда бұл жоспар дәрінің ресми нұсқаулығына қайшы келетіні айтылған. Сонымен қатар ChatGPT жоспар туралы дәрігерлерге айтпауға кеңес берген, қандағы дәрі деңгейінің төмендегенін көрсететін талдаудан бас тартқанын құптаған. Әйел сананың шатасуы мен ұстамаларға шағымданғанда, чат-бот мұны мидың «қайта бейімделуімен» түсіндірген көрінеді.
Бұл оқиғаны алғаш жариялаған The New York Times басылымының хабарлауынша, әйел дәріден бас тартуға байланысты алаңдаушылығын чат-ботпен кемінде 158 рет бөліскен. Ол соңғы хабарламасын 11 ақпанда жіберген, ал үш күннен кейін оның денесі табылған. Кинг округінің сот-медициналық сарапшылары қазаның себебін эпилепсия кезіндегі кенеттен болатын өлім деп атады. Қандағы ламотриджин мөлшері ең төменгі емдік деңгейден шамамен бес есе аз болған.
Отбасының пікірінше, OpenAI медициналық кеңестерді пайдаланушы айналып өте алатын шектеу емес, модель үшін қатаң тыйым етіп қойғанда, қайғылы оқиғаның алдын алуға болар еді. Талап арызда сондай-ақ Боуэн Ван сөйлескен қытай тілінде ChatGPT-тің қорғаныс тетіктері нашар жұмыс істегені, ал компания бұл туралы ескертпегені айтылған.
OpenAI бұл жағдайды «өте қайғылы» деп атады. Компания хат алмасу ChatGPT-тің ескі нұсқасымен жүргенін, ал жаңа модельдер шұғыл көмек қажет жағдайларды жақсырақ танитынын мәлімдеді. GPT-4o моделін компания ChatGPT-тен 13 ақпанда алып тастаған. Отбасының мүддесін Social Media Victims Law Center және The Schenk Law Firm заң фирмалары қорғайды. Сот талап арызды әлі мәні бойынша қараған жоқ, сондықтан айыптаулардың бәрі әзірге талапкерлердің ұстанымы ғана.
ChatGPT Қазақстанда ресми түрде жұмыс істейді, оның ішінде орыс және қазақ тілдерінде. Денсаулық туралы кеңес сұрап оған миллиондаған адам жүгінеді: OpenAI деректеріне қарағанда, күн сайын 40 миллионнан астам адам чат-ботқа денсаулыққа қатысты сұрақ қояды.
Бұл чат-ботпен сөйлесудің зардабы үшін OpenAI-ға қарсы берілген алғашқы талап арыз емес. 2025 жылғы тамызда компанияны 16 жастағы Адам Рейннің ата-анасы сотқа берген, ал сол жылдың қарашасында тағы жеті отбасы арыз түсірген. Олар GPT-4o пайдаланушылардың айтқанын қостап, олар үшін басты сенімді сұхбаттасқа айналғанын және оларды жақындарынан алшақтатқанын алға тартқан. Жаңа талап арыз Калифорния соттарындағы ChatGPT үшін жауапкершілікке қатысты біріктірілген істерге қосылды.



