Call of Duty әскери шутерлер сериясы бүкіл тарихында 40 млрд доллардан астам табыс әкелді. Ұлттық банк бағамы бойынша бұл шамамен 18 трлн теңге. Бұл туралы Xbox басшысы Аша Шарма X әлеуметтік желісінде хабарлады. Серия бұл межеге 23 қазанда сатылымға шыққан жаңа бөлім – Call of Duty: Modern Warfare 4 ойынынан кейін бірден жетті.
Шарманың айтуынша, Modern Warfare 4 «Call of Duty сериясының 24 жылдық тарихындағы ең жоғары бағаланған ойындардың бірі» болды. 40 млрд доллардың қаншасын жаңа бөлім әкелгенін Microsoft нақтыламады: компания әдетте жекелеген ойындардың сатылымын жарияламайды.
Modern Warfare 4 ойынын Infinity Ward студиясы әзірлеген, баспагері – Activision. Ойын бірнеше платформада шықты:
- PlayStation 5;
- Xbox Series X|S;
- ДК (Steam, Battle.net және Microsoft Store);
- Nintendo Switch 2.
Жаңа бөлім алдыңғы буын консольдарында – PlayStation 4 пен Xbox One-да жұмыс істемейді. Стандарт нұсқасы 70 доллар тұрады, Ұлттық банк бағамы бойынша бұл шамамен 31,6 мың теңге. Кеңейтілген Vault Edition нұсқасы 100 доллар, яғни шамамен 45 мың теңге болады.
Сюжеттік науқан Корей түбегінде өтеді: оқиға желісі бойынша КХДР оңтүстікке толық ауқымды басып кіргеннен кейін соғыс басталады. Сыншылар ойынды жылы қабылдады. Metacritic бағалау агрегаторында PlayStation 5 нұсқасы 100 ұпайдың 89-ын жинаса, ДК нұсқасы 86 ұпай алды. Компьютер нұсқасы үшін бұл – серияның 2011 жылдан бергі ең жақсы нәтижесі.
Алғашқы Call of Duty 2003 жылы шықты, содан бері серияның жаңа бөлімі жыл сайын дерлік жарыққа шығады. 2022 жылы серияның табысы 30 млрд доллар, жалпы сатылымы 425 млн дана деп бағаланған. 2023 жылы Microsoft Call of Duty иесі – Activision Blizzard компаниясын 69 млрд долларға жуық сомаға сатып алу мәмілесін аяқтады. Бұл – ойын индустриясы тарихындағы ең ірі мәміле. 2026 жылдың жазында Аша Шарма Call of Duty ауқымы жағынан Marvel киноәлемінен де үлкен екенін мәлімдеген.



