Алматыда сот тұтыну кооперативі атын жамылған R.O.I. қаржы пирамидасын құрып, басқарды деген күдікке ілінген адамды екі айға қамауға алды. Бұл туралы 27 қазанда Қаржылық мониторинг агенттігі (ҚМА) хабарлады. Соттың санкциясымен 25 пәтерге, үш көлікке және банк шоттарына тыйым салынды.
Істі ҚМА-ның Алматы қаласы бойынша департаменті тергеп жатыр. Тергеу деректеріне қарағанда, кооператив азаматтарды тұрғын үй мен көлік сатып алу бағдарламаларына тартқан: қатысушылар пай жинақтау шартына отырып, ақша салған. Ведомство нұсқасы бойынша, табыс әкелетін нақты қызмет болмаған, бұрынғы пайшылар алдындағы міндеттеме жаңа қатысушылардың жарнасымен өтелген.
Жәбірленуші деп 275 адам танылды, залал 217 млн теңге деп бағаланып отыр. Тергеушілер сондай-ақ кооперативтен 94 млн теңгенің үлестес тұлғалардың, оның ішінде «Каусар» ЖК-ның шотына консалтингтік қызметке төлем ретінде аударылғанын анықтады.
2022 жылы R.O.I. төңірегінде сот дауы басталып, жеке сот орындаушылары кооперативтің шоттарын бұғаттағаннан кейін Алматыда алты жаңа тұтыну кооперативі құрылған: ShynSaulet, Berekeli Shanyrak, Aya-Aru, Jasmin, USCoop және Baiterek. ҚМА-ның мәліметінше, оларды R.O.I. басшысы бақылап, қатысушылардың ақшасы солар арқылы бұғатталған шоттарды айналып өткен.
Тергеу жалғасып жатыр. Ведомство қалған мәліметтерді ҚПК-нің 201-бабына, яғни тергеу құпиясына сілтеп, жария етпей отыр.
Қаржы пирамидалары кооператив, бөліп төлеу немесе инвестициялық жоба кейпіне енген схемаларды ҚМА жиі әшкерелейді. Мысалы, қыркүйекте Finiko бөлімшесінің басшысы Түркиядан Қазақстанға қайтарылды, ал Қонаевта 8 мыңнан астам салымшының ақшасын тартқан Amanat Drive ісі бойынша үкім шықты.



