Қазақстандағы ірі ритейлерлер жаңа супер- және гипермаркеттер ашуды жалғастырып келеді. «Рамстор», Green Mart және Magnum Cash & Carry желілерінің артында кім тұрғанын ресми деректер бойынша айтамыз.
«Рамстор» және Macrocenter. Екі бренд те «Рамстор Қазақстан» ЖШС-на тиесілі, ал оны түріктің «Мигрос Тиджарет Аноним Ширкети» компаниясы бақылайды. 1954 жылы құрылған компанияның Түркияда, Қазақстанда және Македонияда 976-дан астам дүкені, 19 мыңға жуық қызметкері бар, жылдық тауар айналымы — 3,5 млрд доллар. «Мигростың» 51 пайыз үлесін ұстап отырған негізгі акционері — Коч әулетіне тиесілі Koç Holding. 2013 жылғы дерек бойынша холдингтің айналымы 47,1 млрд доллар, активтері 61,1 млрд доллар, пайдасы 1,3 млрд доллар болған, онда 80 мыңнан астам адам жұмыс істеген.
«Рамстор Қазақстан» 1999 жылы тіркеліп, 2006 жылы қайта тіркелген, басшысы — Фырылдак Озгюр Гюнеш. Ауданы 26 мың шаршы метр алғашқы «Рамстор» сауда орталығы 1999 жылғы мамырда Алматының «Самал» шағын ауданында, Фурманов пен Жолдасбеков көшелерінің қиылысында ашылған. Өткен жылы БАҚ бұл орынға көпфункционалды кешен салу жоспары туралы жазған. Қазір желінің Алматыда 15 дүкені бар, оның екеуі — «Рамстор гипер», Астанада — бесеуі, Оралда — екеуі, Қарағанды, Шымкент, Ақтау және Атырауда бір-бірден. Супермаркеттердің жалпы ауданы — шамамен 50 мың шаршы метр.
Green Mart. Желі 2008 жылғы желтоқсанда пайда болған, қазір оның 11 дүкені бар: Алматыда бір гипермаркет пен жеті супермаркет, Астанада екі гипермаркет пен бір супермаркет. Кеңсесі Әл-Фараби даңғылы, 95 мекенжайында орналасқан «Green Mart» сауда желісі» бас ЖШС-ын Татьяна Орлова басқарады. Ресми түрде жалғыз иесі ретінде 21 жастағы Ғалия Наливаева (2012 жылға дейін — Самиғұлина) тіркелген. Ол 2013 жылғы 22 мамырда тіркелген Avant invest және Univis servis ЖШС-ларының да құрылтайшысы әрі басшысы болып саналады. Желінің нақты иесі кім екені белгісіз.
Magnum Cash & Carry. Алғашқы кешен 2007 жылғы қыркүйекте Алматыда ашылған. Қазір желіде Алматы, Астана, Қарағанды және Шымкентте 10 сауда кешені бар: алтауы Cash & Carry, төртеуі Magnum ATAK форматында. Компанияның дерегінше, оларға күніне 46 мыңнан астам сатып алушы келеді, штатында 4500-ден астам адам бар. Желі барлық өңірде филиал ашуды көздеп отыр. Басшысы — Александр Гарбер, орынбасары — Андрей Юст.
Компанияның 70 пайызы ресми түрде Александр Гарбер, Элина Пугач, Роман Тихомиров және Андрей Юстке, қалған 30 пайызы «SDB Group» ЖШС-на тиесілі. Монополияға қарсы агенттік бұл үлесті сатып алуға 2014 жылғы мамырда келісім берген. Құжаттарда «SDB Group» құрылтайшысы ретінде 25 жастағы Дамир Сейкенов, басшысы ретінде оның 23 жастағы сіңлісі Динара көрсетілген. Материал авторының пайымынша, осы 30 пайыздың нақты иесі — Кенес Ракышев. Бір апта бұрын Сейкенов Андрей Митюк және Джангир Ипмагамбетовпен бірге «ADD Group» компаниясын тіркеген.
1962 жылы туған Александр Гарбер Imkam-Build, Tea House, TG Trade, «Жидели-7», ZNL Group компанияларына және «Прима» тобындағы компанияларға иелік етеді. 2014 жылғы қазанда ол Forbes.kz-тің «Қазақстанның ең ықпалды 50 бизнесмені» рейтингінде 46-орын алған. «Прима» тобы 1993 жылдан бері көтерме саудамен айналысады. «Прима Дистрибьюшн» компаниясының 38 филиалы және 4000-нан астам қызметкері бар, ол Colgate-Palmolive, Oleina, Carbonell, Dandy және басқа брендтердің өнімін эксклюзивті түрде жеткізеді. «Прима-Мороженое» 2002 жылдан бері мұздатылған өнім, соның ішінде «Нестле» балмұздағын әкеледі. Tea House шай компаниясын «Прима» 1996 жылы үнділік JV Gokal & Co компаниясымен бірге құрған. Оның фабрикалары 2001 және 2004 жылдары іске қосылған, ал «Ассам шайы», «Индира», «Наурыз» және басқа маркалы шайлар нарықтың шамамен 32 пайызын алып отыр.
Small, «Дастархан» және басқа желілердің иелері туралы келесі материалдарда.
«Радиоточка» материалдары бойынша.



