Мазмұнға өту
2026 жылғы 10 қараша, сейсенбі

«Новая газета» 33 жылдан соң жабылып, редакциясын тастап кетті

Кремль басылымның жабылуын «әдеттегі ротация үдерісі» деп атады, ал БҰҰ тәуелсіз БАҚ-қа жасалған ауыр соққы деп бағалады.

Журналисты «Новой газеты» у здания редакции в Москве в последний день работы, 9 ноября 2026 года
Фото: EPA

Ресейдің «Новая газета» басылымы 9 қараша, дүйсенбі күні жұмысын тоқтатты. Журналистер соңғы редакциялық жиналысын өткізіп, Мәскеудегі Потаповский тұйығындағы кеңседен кетті. Редакция бұл ғимаратта 29 жыл жұмыс істеген. Басылымның өзі 33 жыл шықты, ол жабылуын билік пен күштік құрылымдардың қысымымен түсіндірді.

Жиналысты бас редактор Сергей Соколов өткізді. «Қоштаспаймыз. Біз міндетті түрде бір амалын табамыз», – деді ол. Бұл туралы «Новая газета Европа» хабарлайды. Жиналыстан кейін қызметкерлер басылымның қаза тапқан алты журналисі мен авторының, соның ішінде Анна Политковская мен Юрий Щекочихиннің портреттерін қабырғадан алды. Ғимарат алдына жиналған жұрт редакцияны қол шапалақтап шығарып салды, ал маңдайшаның үстіне «Мұнда „Новая газета“ өмір сүрді» деген тақта ілінді.

Газеттің негізін қалаушылардың бірі, Нобель бейбітшілік сыйлығының иегері Дмитрий Муратов жиналғандарды ресейліктерді биліктің өзімен теңестірмеуге, саяси тұтқындарды ұмытпауға және Украинадағы ұрыс қимылдарын тоқтатуға күш салуға шақырды. Кремль газеттің жабылуын әдеттегі жағдай деп атады. «Әрине, жыл сайын кейбір БАҚ жабылып, олардың орнын жаңалары басады. Бұл – әдеттегі ротация үдерісі», – деді Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков. Оның сөзін «Интерфакс» келтірді.

Қызметкерлер жабылу туралы шешімді 26 қазандағы жалпы жиналыста қабылдады. Қыркүйекте Ресей Әділет министрлігі газетті шетелдік агенттер тізіліміне енгізді. Al Jazeera мәліметінше, содан кейін банктер басылым күн көрген оқырмандардың қайырмалдық аударымдарын қабылдауды тоқтатты. Қазанда Соколовтың үйі тінтілді, сәуірде редактор Олег Ролдугин қамауға алынды, ал қазанның соңында редакциядан кеңсені 9 қарашаға дейін босату талап етілді. БҰҰ-ның адам құқықтары жөніндегі жоғарғы комиссары Фолькер Тюрк газеттің жабылуын Ресейдегі тәуелсіз БАҚ-қа жасалған «тағы бір ауыр соққы» деп атады.

«Новая газета» 1993 жылы құрылған, оны іске қосуға Михаил Горбачев өзінің Нобель бейбітшілік сыйлығының бір бөлігін берген. 2022 жылғы наурызда газет қағаз түрінде шығуын тоқтатты, сол жылдың қыркүйегінде оның лицензиясы қайтарып алынды, ал сайты Ресейде бұғатталды.

БөлісуTelegramWhatsAppVKFacebookX

Сондай-ақ оқыңыз