Қызметтік ақпарат пен мемлекеттік құпияға қолжетімділігі бар мемлекеттік қызметшілерге смартфон пайдалануға салынған тыйымнан ешқандай ерекшелік жоқ. Бұл туралы 30 наурызда Астанадағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Премьер-Министрдің орынбасары Дариға Назарбаева мәлімдеді.
Журналистер мемлекеттік қызметшілердің қайсысына жұмыс уақытында смартфон пайдалануға тыйым салынғанын және бұл ережеден ерекшелік бар-жоғын сұрады. Назарбаева өзіне белгілі болғандай, ерекшелік қарастырылмағанын айтты.
Президент Әкімшілігі Басшысының орынбасары Марат Бекетаев шектеу құпия құжаттарға қолжетімділік бар үй-жайларда қолданылатынын нақтылады. Оның сөзінше, учаскелік полицейлер өз аумағында жұмыс істейді, сондықтан WhatsApp арқылы хабарлама ала алады.
Мемлекеттік қызмет істері министрі Талғат Донаков қолданыстағы заңнамада мұндай бұзушылық үшін жеке жаза көзделмегенін хабарлады. Егер шенеуніктер смартфонды бәрібір пайдаланса, оларға бұрыннан бар әкімшілік жазалар қолданылады.
Баспасөз мәслихаты Жаңғырту жөніндегі ұлттық комиссия мүшелері «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының орындалуы туралы есеп берген күні өтті. Бес институционалдық реформаны қамтитын бұл бағдарламаны Қазақстан Президенті 2015 жылғы 6 мамырда Үкіметтің кеңейтілген отырысында жариялаған.
«Радиоточка» материалдары бойынша.



