Американың Swift ғарыш обсерваториясы 4 қарашада Астана уақытымен сағат 17:39-да Жер атмосферасына еніп, жанып кетті. NASA-ның хабарлауынша, бұл Индонезиядағы Суматра аралының солтүстігінде болған. Қирау немесе зардап шеккендер туралы мәлімет жоқ. Осылайша агенттіктің ең ұзақ ғылыми миссияларының бірі аяқталды: екі жыл жұмыс істеуге арналған телескоп орбитада 22 жыл болды.
Салмағы шамамен 1,45 тонна, көлемі шағын автобустай аппарат соңғы айларда біртіндеп төмендеп келді. Оны атмосфераның жоғарғы қабаттары тежеді: жүздеген шақырым биіктікте ауа өте сирек болғанымен, жерсерікті бірте-бірте баяулатады. Swift-тің жоғары көтерілуге мүмкіндік беретін өз қозғалтқыштары болмаған. NASA аппараттың басым бөлігі жанып кетеді, ал жекелеген бөлшектері жер бетіне жетуі мүмкін деп алдын ала ескерткен. Сынықтардың біреуге зиян келтіру ықтималдығы 2100-ден 1 деп бағаланған.
Телескоп соңғы ғылыми бақылауын 20 қазанда жүргізді. Оны Аризонадағы Katalyst Space жеке компаниясы құтқаруға тырысты. Компания 2025 жылғы қыркүйекте NASA-дан 30 млн долларлық келісімшарт алған. LINK сүйрегіш роботы Swift-ті қуып жетіп, ұстап алуы және биік орбитаға көтеруі тиіс еді. Сүйрегіш 3 шілдеде ұшырылды, кездесу тамызға жоспарланған. Алайда оның қозғалтқыш қондырғысында және аппаратты қажетті бағытқа бұратын маховиктерінде ақау шықты. LINK-тің өзі 25 қыркүйекте атмосферада жанып кетті. NASA бұл әрекетті бәрібір пайдалы деп санайды: ол жерсеріктерге тікелей орбитада қызмет көрсету технологияларын алға жылжытты.
NASA-ның астрофизика бөлімінің директоры Шон Домагал-Голдман Swift-тің жұмысын салынған қаржының «керемет әрі ұзақ мерзімді қайтарымы» деп атады. Ол телескоптың жоспарланғаннан 10 еседен астам ұзақ жұмыс істегенін еске салды.
Swift 2004 жылғы қарашада гамма-жарқылдарды зерттеу үшін ұшырылған. Бұл – Әлемдегі ең қуатты жарылыстар, олар, мысалы, массивті жұлдыздар сөнгенде пайда болады. Телескоп жаңа жарқылға бірнеше минутта бұрылып, әлемдегі басқа обсерваторияларға бірден хабар бере алатын. Жұмыс істеген жылдары ол 2000-нан астам гамма-жарқыл мен 1400-ге жуық аса жаңа жұлдызды тіркеп, қара құрдымдарды, кометалар мен астероидтарды бақылады. 2018 жылы обсерваторияға оның алғашқы ғылыми жетекшісі, бір жыл бұрын қайтыс болған Нил Герельстің есімі берілді.



