Астана кәсіпкерлер палатасын басқарған Меирбек Мажитов Қазақстанның Сыртқы сауда палатасы басқармасының төрағасы болып тағайындалды. Тағайындауды «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының президиумы бекітті.
Мажитов 1978 жылы Ақмола облысының Көкшетау қаласында туған. Көкшетау мемлекеттік университетінің шет тілдері факультетін, ал 2008 жылы ҚИМЭП-тің «басшы кадрларға арналған бизнес-әкімшілендіру» бағдарламасы бойынша магистратурасын бітірген.
Ол коммерциялық құрылымдар мен үкіметтік емес ұйымдарда басшылық қызметтер атқарған. 2006 жылы «КАЗКА» Қазақстан кәсіпкерлер қауымдастығын құруға қатысып, оның бас директоры болған. «КАЗКА» басқарма кеңесінің, «Атамекен» одағы» ҰЭП қоғамдық кеңесінің, Премьер-министр жанындағы кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі үйлестіру кеңесінің, «ҚазЭкспортГарант» АҚ мен «Астана» ӘКК директорлар кеңестерінің құрамында болған.
Астана кәсіпкерлер палатасы оның қатысуымен құрылды, ол палатаны 2013 жылдан бері басқарып келді. Осы уақытта палата мемлекеттік органдармен әріптестік орнатып, бизнес мүддесін білдіру жөнінде диалог жолға қойды. Мажитов «Startup Форум» және «Астана жұмыспен қамту форумы» жобаларының бастамашысы.
Ол Президенттің «белсенді азаматтық ұстанымы үшін» алғыс хатымен және Экономикалық даму және сауда министрлігінің «елдің экономикалық дамуына қосқан үлесі үшін» құрмет грамотасымен марапатталған.
«Радиоточка» материалдары бойынша.



