Мазмұнға өту

«Казцинк-Торпедо» енді «Торпедо» деп аталады: ШҚО клубы басшылығын ауыстырды

Клубтың бас менеджері болып Стэнли кубогын екі мәрте жеңіп алған Сергей Немчинов, бас бапкері болып Алексей Фетисов тағайындалды.

Өскеменнің «Казцинк-Торпедо» хоккей клубы жаңа маусымнан бастап жай ғана «Торпедо» деп аталады. Ребрендинг туралы шешімді Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі мен «Қазмырыш» ЖШС қабылдады. Бұл туралы ШҚО әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап, YK-news.kz хабарлады. Себебі – жанкүйерлердің тілегі.

Атауымен бірге клубтың басшылығы мен бапкерлер құрамы да өзгереді. Клуб құрамында үш команда болады. Негізгі «Торпедо» Жоғары хоккей лигасында ойнайды, оның міндеті – Братина кубогын жеңіп алу. «Торпедо-2» клубты Қазақстан чемпионатында таныстырады, ал жастар «Торпедосы» Жастар хоккей лигасында өнер көрсетеді. Әр команданың өз бас бапкері болады.

Жалпы басшылықты бас менеджер Сергей Немчинов атқарады. Ол – Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері, әлем чемпионы, Стэнли кубогын екі рет жеңіп алған. 2005–2007 жылдары Ресей құрамасының бапкері, 2007–2009 жылдары Ресей жастар құрамасының бас бапкері, 2009 жылы Жастар хоккей лигасының спорт директоры болған. 2009–2011 жылдары Немчинов мәскеулік ЦСКА-ның бас бапкері, 2009–2012 жылдары клубтың бас менеджері қызметін атқарған.

«Торпедоның» бас бапкері болып Нижний Тагил хоккей мектебінің түлегі Алексей Фетисов тағайындалды. Ол бапкерлік жолын ойыншы ретінде көп жыл өнер көрсеткен жергілікті «Спутник» клубында бастаған. Кейін қарағандылық «Беркуттің» бас бапкері, «Сарыарқаның» аға бапкері, одан соң бас бапкері болған. Бұл қызметте өткен жылдың қазан айының соңына дейін жұмыс істеген.

«Радиоточка» материалдары бойынша.

БөлісуTelegramWhatsAppVKFacebookX

Сондай-ақ оқыңыз