Астананың 47 жастағы тұрғыны Нұрлан Жұмағұлов 24 жастағы ұлы Әлибиді елордалық 45 жастағы бизнесмен, бір құрылыс компаниясының бас директоры аяусыз ұрып-соқты деп мәлімдеді. «Радиоточканың» мәліметінше, күдікті ұсталған, алайда Астана қалалық ІІД бұл туралы әзірге пікір білдірген жоқ.
Нұрлан Жұмағұловтың айтуынша, 21 сәуір күні кешке ұлына Қайрат есімді біреу қоңырау шалып, кездесуге шақырған. Әлиби «Хан Шатыр» сауда-ойын-сауық орталығына жарты сағатқа барып келетінін айтып кеткен, бірақ үйге оралмаған, телефонын да алмаған. Түнде ұлының университеттегі досы Әлибидің ауыр халде ауруханада жатқанын хабарлаған.
«Құлағы кесілген, беті жыртылған, тұншықтырған, бассүйек-ми жарақаты», — деп жазды әкесі Facebook-те. Оның сөзінше, ұлының мұрны сынған, мойнында тұзақтың ізі қалған. Әлиби өзін ұрған адамның атын әкесі сұрағаннан кейін ғана айтқан.
Әкесі шабуылдың себебі қызғаныш деп санайды: бизнесменнің бұрынғы сүйіктісі Әлибимен жүре бастаған. Жұмағұловтың нұсқасы бойынша, ұлын элиталық көпқабатты үйдегі пәтерге алып барған, онда бизнесмен, оның жүргізушісі және тағы бір ер адам болған. Олар Әлибиден қызбен ажырасуды талап етіп, тұншықтырған, сынған бокалдың сынығымен кескен, ұрған, үтікпен және дәнекерлегішпен азаптаймыз деп қорқытқан. Әкесінің айтуынша, мұның бәрі бейнеге түсіріліп, әйелінің телефонына жіберілген.
Сондай-ақ әкесінің сөзінше, Әлибиді камера алдында екі адамды өлтірдім деп «мойындатқан», ал отбасы ұлының оған қатысы жоқ дейді. Жұмағұловтың айтуынша, бұл «мойындау» үшін BMW көлігін береміз деп уәде еткен, алайда бұл көлікті отбасы 24,5 мың АҚШ долларына өзі сатып алған, сатып алу-сату шарты да бар. Кейін бейнежазба бопсалауға пайдаланылған: ұлын қылмыстық іспен және отбасына қастандық жасаймыз деп қорқытып, әкесінің жұмыс орны мен қарындасының оқитын жерін білетіндерін айтқан.
Әкесінің айтуынша, ұрып-соққаннан кейін Әлибиді көшеге лақтырып тастап, көлігін алып кеткен. Көлік ішінде қалған кенже қызының телефоны арқылы GPS көмегімен табылды. Ата-анасы Астана қалалық ІІД-ге ұрып-соғу және ауыр дене жарақатын салу туралы арыз берді.
Жұмағұлов тергеуге қысым жасалып жатыр дейді: оған жоғары лауазымды шенеунік қоңырау шалған, бірақ ол кездесуден бас тартқан. Әкесінің сөзінше, бизнесмен үш тәулікке ұсталып, уақытша ұстау изоляторына орналастырылған, ал оның пәтерінен ұлының заттары мен қан іздері табылған. «Менің жасым – 47-де, ұсталған адам – 45-те, мен бұл адамның көзіне қарағым келеді», — деді ол. «Сенбі күні сот бұлтартпау шарасын таңдауы керек. Бірақ оны кепілмен босатып жіберуі мүмкін», — деп қосты Жұмағұлов.
«Радиоточка» материалдары бойынша.



