Қазақстанның инвестициялар және даму министрі Әсет Исекешев сенатқа жолаушылар вагондарының тапшылығын шешуге көмектесетін заң жобасын таныстырды. Құжат теміржол бағыттарына бір оператордың 1 жылдан 10 жылға дейін қызмет көрсетуін заң деңгейінде бекітуді көздейді. Бұл туралы Премьер-министрдің баспасөз қызметі хабарлады.
«Жолаушылар вагондарының тапшылығын қысқарту мақсатында «Теміржол жолаушылар көлігі мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасында теміржол бағыттарына бір оператордың 1 жылдан 10 жылға дейін қызмет көрсету міндеттемесін бекіту ұсынылады», — деді министр сенаттың жалпы отырысында.
Исекешевтің айтуынша, әлеуметтік маңызы бар тасымалдарда пайдаланылатын вагондардың тозуы шамамен 70%-ға жеткен. Жолаушылар вагондары паркінің жалпы тозуы 56%-ға жуық. Қазір пойыздарда 6 мыңға жуық орын жетіспейді. «Қажетті шаралар қабылданбаса, 2020 жылға қарай бұл көрсеткіш 10 мың орынға дейін өсуі мүмкін», — деп ескертті министр.
Ол мұның себебі ретінде тасымалдың шығынды болуын, паркті жаңартудың қымбаттығын және жеке инвестиция тартуға нормативтік жағдайдың жоқтығын атады. Қазір вагондар тек субсидия есебінен, жылына шамамен 50 данадан жаңартылып жатыр. Бұл жеткіліксіз: «2016 жылдан бастап қызмет мерзімі бойынша 150 вагон істен шығады», — деді Исекешев.
«Радиоточка» материалдары бойынша.



