Мазмұнға өту

Ева Тациева жасөспірімдер Олимпиадасында көпсайыс финалына шықты

Қазақстандық гимнаст іріктеуде 47,866 ұпай жинап, 21-орынға ғана тұрақтады, алайда бір елден финалға екі спортшыдан артық шықпайтын ереже арқасында жолдама алды.

Казахстанская гимнастка Ева Тациева на юношеских Олимпийских играх 2026 в Дакаре

Қазақстандық гимнаст Ева Тациева Дакарда өтіп жатқан IV жазғы жасөспірімдер Олимпиада ойындарында жеке көпсайыс финалына шықты. 8 қарашадағы іріктеуде ол төрт снарядтың қорытындысы бойынша 47,866 ұпай жинап, 21-орынға тұрақтады. Финал 10 қарашада өтеді.

Шешуші кезеңге 18 гимнаст жолдама алады. Бірақ Халықаралық гимнастика федерациясының (FIG) ережесі бойынша финалда бір елдің атынан екі спортшыдан артық өнер көрсете алмайды. Осы шектеудің арқасында хаттамада одан жоғары тұрған бірнеше қатысушы финалдан тыс қалып, қазақстандық гимнасқа жол ашылды.

Іріктеудегі ең үздік нәтижені қытайлық Се Гуйинь көрсетті — 53,099 ұпай. Екінші орынды оның отандасы Чжун Ци (52,932), үшінші орынды ресейлік Полина Дмитриева (52,733) иеленді. Әйелдер арасындағы спорттық гимнастикада көпсайыс тірек арқылы секіру, әркелкі білеу, бөрене және еркін жаттығу бағалаларынан құралады. Дакардағы әйелдер жарысына барлығы 60 гимнаст қатысады: 12 құрама және жеке сында бақ сынайтын 24 спортшы.

Жасөспірімдер Олимпиада ойындары — Халықаралық олимпиада комитеті жас спортшыларға арнап өткізетін жарыс. Сенегал астанасындағы Ойындар 31 қазаннан 13 қарашаға дейін жалғасады және Африка тарихындағы алғашқы олимпиадалық жарыс болып отыр. Дакарда Қазақстан құрамасы 11 спорт түрі бойынша 18 спортшымен өнер көрсетіп жүр.

Бұған дейін Ойындарда Қазақстанға алғашқы медальдарды 52 келіге дейінгі салмақта алтын алған дзюдошы Фатима Супығалиева мен қола жүлдегер атанған триатлоншы Рамазан Айнегов әкелді. Бокс турнирінде Бибарыс Әшірбай мен Марал Төлепберген ширек финалға шықты.

БөлісуTelegramWhatsAppVKFacebookX

Сондай-ақ оқыңыз