Мазмұнға өту

Көкшетау маңындағы жол апатында төрт күндік нәресте зардап шекті

Volvo жүк көлігі, Hyundai Genesis және Lada Granta соқтығысқан жол апаты бойынша полиция сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады.

Место столкновения грузовика и двух легковых машин на трассе Астана — Петропавловск под Кокшетау
Фото: Nayza Kokshe

7 қарашада Астана – Петропавл трассасының 312-шақырымында, Көкшетауға жақын жерде жүк көлігі мен екі жеңіл көлік соқтығысты. Зардап шеккендердің арасында туғанына небәрі төрт күн болған нәресте бар. Ол Ақмола облыстық балалар ауруханасына жатқызылды.

Жол апатына Volvo жүк көлігі, Hyundai Genesis және Lada Granta көліктері қатысқан. Ақмола облысы полициясының мәліметінше, Hyundai Genesis көлігінің жүргізушісі мен төрт жолаушысы түрлі жарақатпен ауруханаға жеткізілді.

Өңірлік БАҚ алты адам зардап шекті деп жазып отыр: нәрестеден бөлек, олардың арасында 13 жасар жасөспірім, бірнеше әйел және бір ер адам бар. Олар түрлі дәрежеде жарақаттанған, араларында көгергендер мен сүйегі сынғандар бар. Sinegor.kz басылымының мәліметінше, балалар ауруханасының дәрігерлері қазір нәрестенің өмірі үшін күресіп жатыр.

Жол апаты болған жердегі бейнежазбаны Көкшетаудағы Nayza Kokshe басылымы жариялады:

Instagram-дағы жарияланымды қарау

Көліктердің неге соқтығысқаны әзірге айтылмады. «Сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр, оның нәтижесі бойынша процессуалдық шешім қабылданады», – деді полиция.

Полицейлер жүргізушілерді жол жүру ережесін сақтауға, жылдамдықты бақылауға және ауа райын ескеруге шақырады. Қазір елдің солтүстігінде ауа райы қолайсыз: осы трассаның Астанадан Щучинскіге дейінгі бөлігі жазғы шиналы көліктерге жабылды. Жолды шамамен 9 қарашада сағат 09:00-де ашу жоспарланып отыр. Нақты учаскедегі жағдайды тәулік бойы 1403 нөмірі арқылы «ҚазАвтоЖол» байланыс орталығынан білуге болады.

Бұл трассада бір апта ішінде болған алғашқы оқиға емес. 3 қарашада JAC T9 пикапы жол техникасын сүйемелдеп келе жатқан полиция көлігіне соқтығысты. Полицияның алдын ала мәліметінше, пикап жүргізушісі жылдамдықты асырып, арақашықтықты сақтамаған.

БөлісуTelegramWhatsAppVKFacebookX

Сондай-ақ оқыңыз