Қазақстанда жылжымайтын мүлік бағасы жыл соңына дейін 10 пайызға төмендеуі мүмкін, ал шағын құрылыс компаниялары нарықтан кетеді. Мұндай болжамды Қазақстан құрылыс салушылар қауымдастығының сарапшысы Анар Қуандықова «Қазақстан 2050» қоғамдық қозғалысының сарапшылар клубының отырысында айтты. Бұл туралы Zakon.kz тілшісі хабарлады.
«Шағын компаниялардың ай сайын нарығымыздан кетіп жатқанын көріп отырмыз», – деді Қуандықова. Оның айтуынша, 2012 жылғы жағдай қайталанып жатыр: нарық тарылып барады, бірақ сонымен бірге сауығады. Бастапқы нарықтың көлемі айтарлықтай қысқарды: 2014 жылы онда 15 мыңға жуық пәтер болса, биыл 8 мыңға жуық.
Сарапшы мұны құбылмалы бағаммен және Ұлттық банктің жаңа бағамымен байланыстырды. Оның сөзінше, шағын құрылыс салушылар пәтерлерді долларлық бағамен сатып жатыр, ал ірі компаниялар әзірге бұрынғы теңгелік бағаны сақтап отыр. «Жалпы алдағы 3-4 айда нарықта тұрақты тыныштық болады», – деп болжайды Қуандықова. Оның күтуінше, бұл кезеңде сатылым азаяды.
Сарапшының түсіндіруінше, баспана бағасын құрылыстың өзіндік құны айқындайды. «Қазақстанда түрлі тұрғын үй кешендерін салудың өзіндік құны, мысалы, Еуропадағыдан қымбат», – деді ол. Оның айтуынша, Қазақстандағы жоғары баға Еуропадағы бағамен шамалас, тек шаршы метрі 20 мың еуроға дейін жететін Париж, Рим және Лондон орталықтары бұған жатпайды.
Қуандықова құрылыстың қымбаттығын заманауи технологияның жетіспеуінен көреді. Ол мысал ретінде құрылыс технологиясы әлдеқайда дамыған Жапонияны атап, мұндай технологияларды енгізу жобаларды арзандатуға көмектесетінін айтты.
«Радиоточка» материалдары бойынша.



