Қазақстандық дзюдошы Марат Байқамұров Әбу-Дабидегі Үлкен дулыға (Grand Slam) турнирінде 100 келіге дейінгі салмақта қола медаль жеңіп алды. Жарыстың соңғы күні, 31 қазанда, үшінші орын үшін белдесуде ол ресейлік Адам Сангариевті жеңді. Бұл — Қазақстан құрамасының БАӘ-дегі турнирде алған екінші медалі.
Байқамұров қолаға жұбаныш кестесі арқылы жетті. Ширек финалда ол ресейлік Идар Бифовқа есе жіберді, ал жұбаныш белдесуінде америкалық Даниэль Любимовскийді жеңіп, медаль үшін күреске шығу құқығын алды.
Әбу-Дабидегі турнир 29–31 қазан аралығында өтіп, оған 59 елден 374 дзюдошы қатысты. Үлкен дулыға сериясының турнирлері — Олимпиада, әлем чемпионаты мен Мастерстен кейінгі Халықаралық дзюдо федерациясының ең беделді жарыстары, олар спортшыларға көп рейтингтік ұпай береді. Турнир алдында Байқамұров өз салмағындағы әлемдік рейтингте 17-орында тұрған.
Қазақстанға Әбу-Дабидегі алғашқы жүлдені Талғат Орынбасар әкелді: 60 келіге дейінгі салмақта ол үшінші орын үшін қазақстандықтардың өзара белдесуінде Елдос Сметовты жеңіп, қола алды. Турнирді тәжік Мехрзод Суфиевпен белдесуден бастаған Париж олимпиадасының чемпионы Сметов нәтижесінде бесінші орынға тұрақтады. Жалғас Қайролла да бесінші орын алды.



