Париж-2024 олимпиадасының чемпионы Елдос Сметов Әбу-Дабиде өтетін дзюдодан Үлкен дулыға турнирінде алғашқы қарсыласын білді. 60 келіге дейінгі салмақта қазақстандық спортшы 29 қазанда бірінші айналымда тәжікстандық Мехрзод Суфиевпен белдеседі.
Турнир 29–31 қазан аралығында «Мубадала Аренада» өтеді. Үлкен дулыға — Халықаралық дзюдо федерациясы (IJF) Әлемдік турының ең беделді кезеңдерінің бірі: мәртебесі жағынан одан тек Олимпиада ойындары, әлем чемпионаты және мастерс жоғары тұр. IJF мәліметінше, Әбу-Дабиге 60 елден 395 спортшы келді, олардың 33-і әлемдік рейтингтің алғашқы ондығында. Сметовтың салмағында 26 дзюдошы бақ сынайды.
Алғашқы күннің іріктеу белдесулері Астана уақытымен сағат 12:30-да басталады, финалдық бөлім сағат 20:00-де өтеді. 60 келіге дейінгі салмақта Сметовпен бірге Талғат Орынбасар, 66 келіге дейінгі салмақта Гусман Қырғызбаев пен Ақылжан Жұбатқанов өнер көрсетеді. 30 қазанда татамиге Жалғас Қайролла (81 кг), 31 қазанда Айдар Арапов (90 кг) пен Марат Байқамұров (100 кг) шығады.
34 жастағы Сметов үшін бұл — Айти-Нагоядағы Азия ойындарынан кейінгі алғашқы старт. Сол ойындарда ол финалда жапониялық Хаято Кондоға жеңіліп, күміс медаль алған еді. Гусман Қырғызбаев болса Азия ойындарында қола медаль үшін белдесуде жеңілді.
Сметов — Қазақстанның ең көп атақ жеңіп алған дзюдошыларының бірі. Ол 2015 жылғы әлем чемпионы, Рио-де-Жанейро олимпиадасының күміс және Токио олимпиадасының қола жүлдегері. Париждегі жеңістен кейін балуан біраз уақыт жарыстарға қатыспады, сондықтан қазір 60 келіге дейінгі салмақтағы әлемдік рейтингте 114-орында тұр.



