Астананың өңірлік инвестициялық штабы жалпы құны шамамен 40 млрд теңге болатын бірнеше жеке жобаны қолдады. Олардың қатарында шыны пакеттер мен қасбет жүйелерін шығаратын зауыт және лифт пен эскалатор өндіретін орталық бар. Бұл туралы 28 қазанда елорда әкімі Женіс Қасымбек хабарлады, оның сөзін Астана қаласының әкімдігі келтірді.
Сонымен қатар алкогольсіз сусындар шығаратын өндірістік-логистикалық кешен мен қоймалары бар косметика және парфюмерия кәсіпорны да қолдау тапты. Өнеркәсіптік-технологиялық орталық лифт пен эскалатордан бөлек, басқа да көтергіш жабдықтар шығарады.
Жобаларды 2026–2029 жылдары іске асыру жоспарланған. Жаңа кәсіпорындарда 1700-ден астам жұмыс орны ашылуы тиіс.
«Қалаға жеке инвестиция тарту жөніндегі жүйелі жұмысты жалғастырып жатырмыз», – деп жазды Қасымбек.
Әкімдік жанындағы инвестициялық штабтың отырыстарында жеке инвесторлардың жобалары қаралады. Әкімдіктің мәліметінше, штаб тұрақты түрде жиналады, ал инвесторларға жобаны іске асырудың барлық кезеңінде қолдау көрсетіледі.
Әкімнің айтуынша, өткен жылы Астана экономикасына шамамен 2,5 трлн теңге инвестиция тартылған. Қаражат өңдеу өнеркәсібіне, логистикаға, көлікке, әлеуметтік инфрақұрылымға және басқа да салаларға салынды.



