Ақтөбеде 2015 жылғы тамызда есірткі сатты деп айыпталған жергілікті №16 мектептің түлегіне қатысты сот процесі жүрді. Бұл іс туралы ақтөбелік «Диапазон» газеті жазып, оның материалын Zakon.kz таратты.
Басылымда айтылғандай, 2014 жылғы қазанда қыз гараждар маңынан ішінде екі түйіншек шөп салынған түрлі түсті пакет тауып, бұл туралы достарына айтқан. 9 қазанда сағат 16:30 шамасында ол бір танысымен кездесіп, ол түйіншектерді алып, оған 8 мың теңге берген. Осыдан кейін бірден қызды полицейлер ұстап, жеке тінту жүргізіп, пәтерін тінткен. Сараптама түйіншектерде 6,29 грамм марихуана болғанын көрсетті. Қыздың қанынан алкоголь де, есірткі де табылмаған.
Газеттегі нұсқа бойынша, полицияға бөтен есіммен таныстырған сол «сатып алушының» өзі хабарлаған. Айыпталушыға 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қаупі төнді.
Сотта қыз кінәсін толық мойындап, өкінетінін айтты. Оның сөзінше, түйіншектерде не барын нақты білмеген, бірақ интернеттен марихуананың қандай болатынын көргендіктен, күдіктенген. «Ол түйіншектерге жақындамағаным, тіпті көрмегенім жақсы еді», – деген оның сөзін газет келтірді. Болған оқиғадан кейін ол үйден сирек шығатын болғанын айтты.
Қыз ауқатты отбасында өскен, тоғыз жасынан биге қатысқан, мектепте оған оң мінездеме берілген. Мектепті бітірген соң ол Мәскеудегі жоғары оқу орындарының бірінің заң факультетіне түскен. Сот отырыстарына ата-анасы, атасы мен әжесі келді. Материал жарияланған кезде үкім әлі шығарылмаған еді.
Zakon.kz, «Диапазон» газеті материалдары бойынша.



