Ақтөбеде түнде қарулы адамдар букмекерлік кеңсеге шабуыл жасап, 20 жастағы жігіт қаза тапты. Бұл туралы 2015 жылғы 5 тамызда жергілікті «31 арна» телеарнасы хабарлады, оның материалын Zakon.kz таратты.
Көрші үйлердің тұрғындары түнгі сағат үштің шамасында мылтық дауысынан оянғанын айтты. Куәгерлердің бірі Галина Девяткова журналистерге жас жігіттің қаза болғанын жеткізді. Оның айтуынша, ақшаның ұрланғаны жөнінде көршілер арасында әртүрлі әңгіме тараған: біреулер шабуылдаушылар кассадағы ақшаны алып кетті десе, енді біреулер алмады деген.
Ақтөбе қаласының жедел медициналық жәрдем ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Дастан Ниеталиевтің хабарлауынша, қаза тапқан 20 жастағы Әділет Молдашев екен. Оның өліміне жүрек тұсындағы кеуде қуысына тиген оқ жарақаты себеп болған, дәрігерлер көмек көрсетуге үлгермеген. Дәрігердің сөзінше, куәгерлер болған оқиғаны қарулы шабуыл деп сипаттаған. Марқұмның таныстары оның букмекерлік кеңселерге жиі бармайтынын, сол түні досына келгенін айтты.
Журналистер бұдан бірнеше күн бұрын ауруханаға оқ жарақатын алған тағы бір жас жігіттің жеткізілгенін де еске салды. Расталмаған мәліметке қарағанда, ол да букмекерлік кеңсемен байланысты болған. Облыстық аурухананың дәрігері Абат Емжаровтың айтуынша, оқ науқастың қабырғасына тиген, ота кезінде оны алып тастаған, зардап шегушінің жағдайы қанағаттанарлық деп бағаланған.
Полиция қылмыстық іс қозғап, қылмыскерлерді іздестіруді бастады. Ішкі істер департаменті шабуылдаушылардың санын, белгілерін және екі жағдайда бір қару қолданылған-қолданылмағанын тергеу құпиясына сілтеме жасап, жария етпеді.
Zakon.kz, «31 арна» материалдары бойынша.



