Алматыда жылу мен ыстық су үшін қарызы барларға қатысты шаралар күшейді. Бұрын тек тұрғын үйлер өшірілсе, енді миллиондаған қарызы бар жекеменшік мектептер, ауруханалар және басқа ұйымдар да кезекке тұрды. Бұл туралы «Алматы» телеарнасы хабарлады.
Қарыздың көбі ірі компания иелеріне тиесілі. Бұған дейін «Алматы жылу желілері» ЖШС тек түсіндіру жұмысымен шектелетін. Бостандық ауданында 60 млн теңге қарыз болған «Тенгиз тауэрс» тұрғын үй кешенінің суы өшірілді. Қарыз жылыту маусымы басталғанға дейін өтелмесе, тұрғындар жылу мен сусыз қалуы мүмкін.
«АлТС» ЖШС бас директорының коммерциялық мәселелер жөніндегі орынбасары Марина Хохлова компания жылу жеткізушісі — Алматы электр станцияларымен уақытында есеп айырысуы керек екенін түсіндірді. Сонымен қатар өшіру жұмыстары үшін қызметкерлер жөндеуді тоқтатуға мәжбүр.
2015 жылғы 1 маусымдағы дерек бойынша, Алматыда 136 мыңнан астам борышкер тіркелген. Олардың ең көбі Әуезов ауданында, онда төленбеген сома 1 млн теңгеге жетеді. «Айт Хаузинг» ЖШС-ның «Аккент» тұрғын үй кешенінде 40 үй сусыз отыр. Оларды қарыз толық өтеліп, қосу ақысы төленгеннен кейін ғана қайта қосады.
«Тұрғындарға қолайсыздық туғызып отырғанымызды түсінеміз», — деді «АлТС» ЖШС ВЭР бірінші санатты инженері Талғат Баяхмет. Келесі кезекте Масанчи көшесі, 92 мекенжайындағы госпиталь тұр, оның қарызы 8 млн теңге. Тағы 50 млн теңгеден астам қарызы бар алты ірі нысан кезекте. Мамандардың айтуынша, борышкерлер саны жыл сайын азайып келеді.
«Радиоточка» материалдары бойынша.



