2015 жылы қала тұрғындарына коммуналдық қызметтер үшін бірыңғай шот жазатын алматылық «Алсеко» компаниясының иелері ауысты. Forbes.kz дерегінше, сол жылы компания акцияларының пакетін Kaspi иелерінің бірі Вячеслав Ким алған, сондай-ақ «Алсеко» капиталына оның Kaspi-дегі серіктесі Михаил Ломтадзе кіргені хабарланған.
Басылымның жазуынша, бұл мәмілеге дейін «Алсеко» акцияларының 75%-ы «ААТД» ЖШС-не, тағы 25%-ы компанияның негізін қалаушы Олег Власовқа тиесілі болған. «ААТД» ЖШС-нің түпкі иелері тең үлесте кәсіпкер Қайрат Боранбаев пен Швейцарияда тіркелген Global Conformity AG компаниясы деп саналған.
«Алсеко» 1997 жылы құрылып, 2005 жылы қайта тіркелген. Компания коммуналдық қызметтер бойынша шот жазу және есеп айырысу, тұтынушылардың төлемдерін өңдеу, абоненттер мен тұтыну нормаларының дерекқорын жүргізу, сондай-ақ бағдарламалық қамтамасыз етуді әзірлеу және сүйемелдеу ісімен айналысты.
Forbes.kz материалдары бойынша.



