Мазмұнға өту
2026 жылғы 12 қараша, бейсенбі

Алматыда «Жас Отау» неке сарайына қайтадан басқарушы ізделуде

Жаңа басқарушы бір жыл ішінде қасбеттерді қалпына келтіріп, күмбезді жөндеуі және Есентай өзені арқылы көпір салуы тиіс.

Здание дворца бракосочетания «Жас Отау» на проспекте Абая в Алматы
Фото: e-Qazyna.kz

Алматыда Абай даңғылы, 101А мекенжайындағы «Жас Отау» неке сарайына қайтадан басқарушы ізделуде. Ғимаратты 10 жылға сенімгерлік басқаруға бермек, оны сатпайды. Хабарландыру e-Qazyna.kz порталында жарияланған, оған Tengrinews.kz назар аударды. Ниет білдірушілер табылса, жаңа басқарушы туралы шешім 12 қарашада қабылданады.

Сарайды алған адам оған кемінде 1 млрд теңге салуға тиіс. Басқарудан түскен таза табысты жергілікті бюджетке аударып отыру, мүлік пен жер салығын өзі төлеу, ал шарт бұзылса, шығынды өтеу міндеттеледі. Ғимаратты сатуға, кепілге қоюға немесе сыйға тартуға болмайды, ал үй-жайларды тек бейіні бойынша жалға беруге рұқсат етіледі.

Жөндеуге бір жыл беріледі. Осы уақыт ішінде басқарушы қасбеттерді қалпына келтіріп, терезелерді, витраждарды, жылу жүйесі мен сантехниканы ауыстыруы, шатыр мен күмбезді жөндеуі, жабдық пен жиһаз сатып алуы керек. Ғимарат маңында демалыс аймағын жасап, аумақты автоматты суару жүйесімен көгалдандыру және Есентай өзені арқылы көпір салу қажет.

Қазір сарай бос тұр. Хабарландырудағы суреттерден ғимараттың жартылай қирағаны көрінеді: арматура сыртқа шығып тұр, сылақ опырылып түскен, карниз зақымдалған, ал бірінші қабат пен балкон құрылыс қоқысы салынған қаптарға толы.

Иесіз қалған «Жас Отау» неке сарайының іші
Сурет: e-Qazyna.kz

«Жас Отау» 1971 жылы салынған. Бір-біріне айқасқан екі сақина пішініндегі ғимарат жергілікті маңызы бар сәулет және қала құрылысы ескерткіші болып танылған. Оның аумағы 2 мың шаршы метрден асады, ғимаратпен бірге басқарушыға субұрқақ та беріледі.

Сарайға ие іздеу бірінші рет емес. 2016 жылдан бастап оны «Алтын дән Қазақстан» компаниясы басқарды. Алайда міндеттемелер орындалмағандықтан шарт сот арқылы бұзылып, 2023 жылғы қазанда ғимарат қала балансына қайтарылды. Кейін сарай «Jar Jar Almaty» ЖШС-ға берілді, ол да 1 млрд теңге салуға уәде еткен. Биыл қала бұл шартты да сол себеппен бұзды.

БөлісуTelegramWhatsAppVKFacebookX

Сондай-ақ оқыңыз