Мазмұнға өту

Алматыда сот Қазақстан Компартиясын тарату туралы шешімді күшінде қалдырды

Алматы қалалық сотының апелляциялық алқасы партияда 40 мыңнан аз мүше барын және заң бұзушылықтар болғанын айтқан Әділет министрлігімен келісті.

Алматы қалалық сотының апелляциялық сот алқасы Қазақстан Коммунистік партиясын (ҚКП) тарату туралы шешімді өзгеріссіз қалдырды. Қаулы 17 қыркүйекте шығарылған, деп хабарлайды «Новости-Казахстан» ақпарат агенттігі.

Партияны тарату туралы сотқа Әділет министрлігі жүгінген. Ведомство деректеріне қарағанда, ҚКП қызметі заң талаптарына сәйкес келмеген. Партияның нақты мекенжайы заңды мекенжайымен сәйкес келмеген. Партияда іс жүзінде 38 мыңнан сәл ғана көп адам болған, ал заң бойынша кемінде 40 мың мүше болуы тиіс. Сонымен қатар партия салық заңнамасының талаптарын сақтамаған.

ҚКП-ны тарату туралы шешімді 2015 жылғы 3 тамызда Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты шығарған. Апелляциялық алқа бұл шешімді «өзгеріссіз қалдыру» туралы қаулы етті.

Орталық сайлау комиссиясының мәліметінше, Қазақстан Коммунистік партиясы 1998 жылғы 27 тамызда тіркеліп, 2003 жылғы 20 наурызда қайта тіркелген. Партия 2007 жылғы Парламент Мәжілісінің сайлауына қатыспаған. 2011 жылы сот шешімімен ҚКП қызметі алты айға тоқтатылған, сондықтан партия 2012 жылғы Мәжіліс сайлауына да қатыса алмаған.

«Радиоточка» материалдары бойынша.

БөлісуTelegramWhatsAppVKFacebookX

Сондай-ақ оқыңыз