Жазда Қазақстаннан Еуропаға кетіп қалған Tengri Travelsystem туроператорының басшысы Роман Хан Алматыға оралып, тергеушілерге өз еркімен келді. Бұл туралы 2015 жылғы 18 қыркүйекте «Радиоточкаға» Қазақстан туристік агенттіктері қауымдастығының (АТАК) президенті Әсел Нұркебаева айтты.
Оның тергеу органдарына сілтеме жасап айтуынша, Хан тергеуге адвокатымен бірге кінәсін мойындап келген, елден шықпау туралы қолхат берген және туыстарының мүлкін кепілге қойған. Нұркебаеваның сөзінше, ол тергеу органдарына түскен арыздар бойынша қарызын өтемек. Бұл арыздар бойынша залал шамамен 12 млн теңге, яғни қазіргі бағаммен 45 мың долларға жуық. АТАК басшысы заңнаманың ізгілендірілуін ескерсек, кәсіпкер бұл жағдайдан «таза» шығуы мүмкін деп есептейді.
Бұған дейін АТАК өкілі Денис Кривошеев әлеуметтік желіде кәсіпкер AirTravelsystem компаниясын BeStar деп қайта тіркеп, қызметкер жинап жатқанын жазған еді. Оның айтуынша, Хан кредиторлармен, ең алдымен ең ірісі — SCAT-пен келіссөз жүргізіп жүр.
Be Star Travel компаниясы бұл ақпаратты жоққа шығарды. Компания мәлімдемесіне қарағанда, «Be Star Travel» ЖШС — «AirTravelSystem» ЖШС-ның құқықтық мирасқоры, бірақ ол ешқашан Ханға тиесілі болмаған, Хан оның қатысушысы да емес. Компания мұны электрондық үкімет порталындағы анықтамалардан көруге болатынын айтты.
Tengri Travelsystem 3 маусымда қызметін тоқтатып, бұл туралы өз сайтында хабарлады. Компания себеп ретінде тұрақтылығы жөніндегі қауесетке байланысты екі апта бойы сатылым болмағанын және ағымдағы өтімділіктің жетіспеуін атады. Инвестициялар және даму министрлігінің Индустрия және туризм департаментінің директоры Тимур Дүйсенғалиевтің айтуынша, Хан сол түні Еуропаға ұшып кеткен.
9 маусымда Ханға қатысты «Алаяқтық» бабы бойынша қылмыстық іс тергеле бастады, ал 19 маусымда ол халықаралық іздеуге жарияланды. Бұл туралы Tengrinews.kz тілшісіне министрліктің туризм департаменті хабарлаған. Денис Кривошеевтің ең шамалы есебі бойынша, жалпы шығын 5 млн долларға жуық.
«Радиоточка» материалдары бойынша.



