Талдықорғанның орталық саябағында электр қуатын өндіретін көше велотренажерлары орнатылды. Оларды инновациялық идеялар байқауында жеңіске жеткен қаланың жас ғалымдары ойлап тауып, өз жобаларын таныстырды. Бұл туралы «Хабар» телеарнасы хабарлады.
Тренажерда спортпен шұғылданып қана қоймай, ұялы құрылғыларды да зарядтауға болады. Аппараттың ішіне электр қуатын жинайтын аккумулятор орнатылған. Әзірлеушілердің айтуынша, бір құрылғының қуаты 20 ұялы телефонды зарядтауға жетеді. Авторлар өнертабыс жастарға ұнайды деп үміттенеді: енді көшеден розетка іздеудің қажеті жоқ.
Жас ғалымдардың екінші жобасы — ауыл шаруашылығы дақылдарын өсіруге және өңдеуге арналған көпфункциялы кешен. Бұл — қабырғалары жарық шағылыстыратын жерасты термос-жылыжайы. Онда өсімдіктер гидропоника және аэропоника әдісімен өсіріледі.
Өңірлік жастар инновациялық-зерттеу орталығының ғылыми қызметкері Нияз Аубакировтың айтуынша, жылыжайдың басты артықшылығы — жылытуға кететін энергияны үнемдеу: жарық шағылыстыратын қабырғалар көбірек жылу береді. Ішіне үш-төрт қабат орналастыруға болады, ал жабдық топырақсыз жұмыс істейді. Аубакировтың сөзінше, бұл өнімділікті 30 пайызға арттырады.
«Радиоточка» материалдары бойынша.


