Мазмұнға өту

Ақтөбеде букмекерлік кеңсенің кассирі ұтылысын жасыру үшін тонау ойлап тапты

Полиция қыздың телефонынан оның сол түні бәс тігіп, үлкен соманы ұтылғанын құрбысына жазған хаттарын тапты.

Ақтөбеде букмекерлік кеңсенің 21 жастағы кассирі бәс тігуден ұтылғанын жасыру үшін кеңсеге қарулы шабуыл жасалды деп жалған хабарлаған. Бұл туралы Ақтөбе облысы ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі мәлім етті.

Букмекерлік кеңсеге қарақшылар шабуыл жасағаны туралы хабар полицияға 24 қазанда түсті. Кассирдің айтуынша, сағат 12:30 шамасында кеңсеге қара бетперде киген, спортшы тұлғалы, 25–30 жас шамасындағы беймәлім ер адамдар басып кірген. Олар пышақпен қорқытып, 400 мың теңгені алып кеткен.

Жедел уәкілдер көршілес мекемелердің бейнебақылау камераларының жазбаларын қарап, тұрғындарды сұрастырып, маңайды тексерді. Алайда шабуыл жасағандардың ешқандай ізі табылмады. Содан кейін полицейлер жәбірленушілерден қайта жауап алды.

Қыздардың бірінің телефонынан құрбысымен жазысқан SMS-хаттары табылды. Онда ол сол түні бәс тігіп, үлкен соманы ұтылғанын, сондықтан ақша аса қажет екенін жазған.

Полиция кассир кеңсе басшылығының жазасынан қорқып, тонау болғандай етіп көрсеткен деген қорытындыға келді. Қайта жауап алу кезінде іске қатысы барлар кінәсін мойындады.

ҚР Қылмыстық кодексінің 179-бабы («Қарақшылық») бойынша қозғалған қылмыстық іс қылмыс құрамы болмағандықтан тоқтатылды.

«Радиоточка» материалдары бойынша.

БөлісуTelegramWhatsAppVKFacebookX

Сондай-ақ оқыңыз