Австралиялық Том Нолан UFC Vegas 123 (UFC Fight Night 292) турнирінің басты жекпе-жегінде бразилиялық Ренато Мойканоны үшінші раундта техникалық нокаутпен жеңді. Жеңіл салмақтағы кездесу Астана уақытымен 1 қарашаға қараған түні Лас-Вегастағы Meta APEX аренасында өтті. Төреші Дэн Мираглиотта Нолан қарсыласын партерде соққымен үстемдей бастағанда, үшінші раундтың 1:28-інде жекпе-жекті тоқтатты.
Алғашқы екі раундта Мойкано басым болды. Бразилиялық Ноланды екі рет еденге түсіріп, арқасына шықты және тұншықтыру әдісімен қауіп төндірді. Екінші раундта Мойкано тиімді позицияны ұстап тұрса да, төреші спортшыларды тік тұрысқа көтерді. Бұл шешімді комментаторлар да, залдағы көрермендер де құптамады. Көп ұзамай Нолан тізесімен дәл тигізіп, қарсыласын есеңгіретті де, гонг соғылғанша оны үстінен ұрды.
Үшінші раундта австралиялық денеге аяқпен және басқа тіземен соқты. Мойкано тағы бір рет жекпе-жекті партерге ауыстырды, бірақ Нолан үстіне шығып, қол мен шынтақ соққыларының сериясынан кейін төрешіні араласуға мәжбүр етті.
UFC-дің ресми парақшасы X желісінде жекпе-жек тоқтатылған сәтті жариялады.
Big Train лақап атымен танымал 26 жастағы Нолан UFC турнирінің басты жекпе-жегіне алғаш рет шығып, мансабындағы ең маңызды жеңісіне қол жеткізді. Ол лигадағы жалғыз жеңілісін 2024 жылғы қаңтарда Николас Моттадан көрген. Содан бері қатарынан алты жекпе-жекте жеңді, оның ішінде маусымда Фарес Зиамды төрешілердің бірауызды шешімімен ұтты.
37 жастағы Мойкано соңғы төрт жекпе-жектің үшеуінде жеңілді. 2025 жылғы қаңтарда ол UFC 311 турниріне бір күн қалғанда Арман Царукянның орнына шығып, жеңіл салмақтағы чемпиондық белбеу үшін жекпе-жекте Ислам Махачевқа тұншықтыру әдісімен ұтылды. Кейін бразилиялық Бенейл Дариушқа төрешілер шешімімен жол берді, ал биыл сәуірде Крис Дунканды тұншықтырып жеңді.
Кештің екінші басты жекпе-жегінде жеңіліс көрмеген Джейкоб Смит Рэнди Браунды бірауызды шешіммен ұтты: үш төреші де 30:26 деп бағалады. UFC-дің келесі турнирі 7 қарашада Лас-Вегаста өтеді. Оған дейін Шон Брэди басты жекпе-жектен шығып қалғандықтан, ұйымдастырушылар Габриэл Бонфимге жаңа қарсылас іздеуге мәжбүр болды.



