АҚШ президенті Дональд Трамп Украина президенті Владимир Зеленскийді Майамиде өтетін «Үлкен жиырмалық» (G20) саммитіне шақыруға дайын екенін мәлімдеді. Вашингтон бұған дейін саммитке Ресей басшысы Владимир Путинді шақырған. Журналистер Трамптан бұл туралы 31 қазанда Флоридадағы Мар-а-Лаго резиденциясында Хэллоуин мерекесі кезінде сұрады.
«Иә, шақырар едім. Ешқандай мәселе жоқ», – деп жауап берді Трамп. Бұл туралы Укринформ хабарлады. Президенттің жауабы бар бейнежазбаны Ақ үйдің X әлеуметтік желісіндегі Rapid Response 47 парақшасы жариялады.

2026 жылы әлемдегі ең ірі экономикалардың бірлестігі G20-ға АҚШ төрағалық етеді. Көшбасшылар саммиті 14–15 желтоқсанда Майамидегі Трампқа тиесілі Trump National Doral гольф-курортында өтеді. Американ тарапы Путинге шақыруды қыркүйекте жіберген. РБК-Украина басылымының жазуынша, Трамп Путиннің Майамидегі үшжақты кездесуге келісетін-келіспейтінін білмейтінін айтты.
Бір күн бұрын АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио Ресейдің G20-ға шақырылуын қорғап, Зеленскийдің қатысуы Трамптың шешіміне байланысты екенін айтқан, ол кезде түпкілікті жауап болмаған еді. Рубио сонымен бірге Ресейдің Украинаға қарсы соғысы әлі бейбіт реттеу кезеңіне жетпегенін мойындады. Зеленскийдің өзі бұған дейін шақырса, саммитке барып, Путинмен жеке кездесуге дайын екенін айтқан.
Американдық The Atlantic журналы 20 қазанда Трамп Майамиде Зеленский мен Путиннің қасында тұрып, олардың бейбіт келісімге қол қоюын қалайтынын жазған. Бұл жөнінде әзірге ешқандай уағдаластық жоқ. Путиннің саммитке қатысуы да әлі белгісіз: Кремль оның Флоридаға баратынын жарияламады. Путинге украин балаларын депортациялау ісі бойынша Халықаралық қылмыстық соттың ордері шығарылған, алайда АҚШ ХҚС юрисдикциясын мойындайтын елдердің қатарында жоқ.
Ресей бұл уақытта Украинаға соққы беруін тоқтатқан жоқ: 1 қарашаға қараған түні ғана Ресей әскері елге 433 дрон ұшырып, сегіз облыста тұтынушыларды жарықсыз қалдырды.



