Мазмұнға өту

Ресей Украина энергетикасына 433 дронмен соққы берді: 8 облыста жарық сөнді

Ең ауыр жағдай елдің солтүстігіндегі Житомир облысында қалыптасты: онда 650-ден астам елді мекен жарықсыз қалды, ал Киев облысында бір әйел жараланды.

Последствия российского удара по энергетической инфраструктуре Украины, архивное фото
Иллюстративное фото. Фото: Укринформ

1 қарашаға қараған түні Ресей Украинаға 433 шабуылдаушы дронмен шабуыл жасап, тағы да энергетика нысандарын нысанаға алды. Әуе қорғанысы күштері 371 дронды атып түсірді немесе басып тастады, алайда 16 жерге соққы тиді, тағы 14 жерге дрон сынықтары құлады. Украина Энергетика министрлігінің мәліметінше, шабуылдан кейін сегіз облыста – Житомир, Донецк, Запорожье, Киев, Днепропетровск, Сумы, Черкасы және Харьков облыстарында тұтынушылардың бір бөлігі жарықсыз қалды.

Шабуыл 31 қазанда Киев уақытымен сағат 18:00-де (Астана уақытымен 21:00-де) басталып, түні бойы жалғасты. Украина Әуе күштерінің хабарлауынша, Ресей әскері дрондарды Орел, Курск, Брянск қалаларынан, Смоленск облысындағы Шаталово әуеайлағынан, Ростов облысындағы Миллерово қаласынан ұшырған. Бұл – Ресейдің Украинамен шекаралас не оған жақын өңірлері. Дрондардың бір бөлігі басып алынған Донецк облысының аумағынан ұшырылды. Олардың арасында «шахедтер» болды. Бұл – Ресей өз елінде шығаратын ирандық шабуылдаушы дрон. Соның 64-і реактивті, яғни жылдамырақ әрі ұстап қалу қиынырақ. Қалғандары – арзан «Гербера» дрондары мен Ресей әскері Украинаның әуе қорғанысын шамадан тыс жүктеу үшін қолданатын «Пародия» жалған дрондары. 64 реактивті «шахедтің» 47-сі атып түсірілді. Киев уақытымен 07:30-да (Астана уақытымен 10:30-да) аспанда әлі де 40-тан астам шабуылдаушы дрон болды, таңертең шабуыл жалғаса берді.

Ресейдің Украина энергетика инфрақұрылымына жасаған соққысының салдары, мұрағаттық фото
Көрнекі фото. Фото: Укринформ

Ең ауыр соққы Украинаның солтүстігінде, Киев облысының батысында орналасқан Житомир облысына тиді. Облыстық әскери әкімшіліктің басшысы Виталий Бунечко соңғы соққылардан кейін энергетика инфрақұрылымы зақымданып, 650-ден астам елді мекен электр қуатынсыз қалғанын хабарлады. Оның айтуынша, қаза тапқандар мен жараланғандар туралы ақпарат түскен жоқ. Облыстың батысындағы Звягель қаласының кеңесі жарықты Киев уақытымен шамамен сағат 17:00-ге (Астана уақытымен 20:00-ге) дейін қалпына келтіруге уәде берді.

Киев облыстық әскери әкімшілігінің мәліметінше, облыстың алты ауданында зақым тіркелді. Астананың оңтүстігіндегі Обухов ауданында бір әйел жараланды: оның жауырынында сызат бар, қатты күйзеліске түскен, ол ауруханаға жеткізілді. Сол ауданда сауда орны, энергетика нысаны және үш автокөлік зақымданды. Бровары және Буча аудандарында энергетика нысандары, Борисполь, Фастов және Белая Церковь аудандарында жеке үйлер зардап шекті. Киевтің өзінде ДТЭК компаниясы энергия жүйесіне үздіксіз шабуыл жасалуына байланысты таңертең жарықты шұғыл өшіруді енгізді.

Энергетика министрлігі ең күрделі жағдай Днепропетровск және Киев облыстарында екенін айтты. Онда энергетика нысандары ауқымды зақым алған. Ведомствоның айтуынша, Ресей қайта-қайта соққы беріп отыр: жөндеушілер бұрынғы шабуылдардан кейін қалпына келтіріп үлгерген нысандар тағы да атқыланды. Елдің шығысындағы Днепропетровск облысында облыстық әскери әкімшілік басшысы Александр Ганжаның сөзінше, Днепр, Павлоград және Самар аудандарында 100 мыңға жуық тұтынушы қайтадан жарықсыз қалды. Қалпына келтіру жұмыстарына 70-тен астам бригада шықты.

Украинаның орталығындағы Винница облысының әкімшілік басшысы Наталья Заболотная энергетикаға кезекті жаппай шабуыл жасалғанын хабарлады. Винница қаласында ұялы байланыс мұнарасы, қойма ғимараты, көпқабатты үйлердің терезелері мен қоғамдық көлік аялдамалары зақымданып, бір автокөлік өртеніп кетті. Кировоград облысында дрон сынықтары электр желісін зақымдады.

Қыс алдында Ресей Украинаның электр стансалары мен қосалқы стансаларына түн сайын соққы беріп отыр. Бұған дейін Киевтегі ЖЭО мен Днепропетровск облысының энергетикасына жасалған соққылар 280 мың отбасын жарықсыз қалдырған еді. Миллиондаған адамның жарығы, жылуы мен суы тәуелді азаматтық энергетикаға соққы беру – лаңкестік тәсіл әрі әскери қылмыс. 31 қазанда кешке Ресей авиациясы Донецк облысындағы Краматорск қалалық кеңесінің ғимаратын да қиратты.

БөлісуTelegramWhatsAppVKFacebookX

Сондай-ақ оқыңыз