Мазмұнға өту

Ресей дрондары Украинада 280 мың отбасын жарықсыз қалдырды

«Шахедтер» 30 қазан күні кешке Киевтегі ЖЭО-ға, ал түнде Днепропетровск облысындағы төрт қосалқы станцияға және елдің солтүстік-шығысындағы Шосткадағы ЖЭО-ға соққы берді.

Последствия российского обстрела Донецкой области 30 октября 2026 года
Фото: Цензор.нет

Ресей әскері 30 қазан күні кешке және 31 қазанға қараған түні Украинаның бірнеше облысындағы энергетика нысандарына шабуыл жасады. «Шахедтер» Киевтегі жылу электр орталығына, елдің шығысындағы Днепропетровск облысында төрт қосалқы станцияға және солтүстік-шығыстағы Шостка қаласындағы ЖЭО-ға соққы берді. Украина президенті Владимир Зеленскийдің Киев уақытымен сағат 11:58-де (Астана уақытымен 14:58) хабарлауынша, Днепр қаласы мен облысында 200 мыңға жуық, Киев облысында тағы 80 мыңнан астам отбасы электр қуатынсыз қалды.

«Шахед» — Иранда жасалған шабуылдаушы дрон. Ресей оны өз аумағында шығарып, Украина қалаларына жүздеп ұшырады. Зеленскийдің айтуынша, ресейлік дрондар энергетикадан бөлек Днепр мен Харьковтағы теміржол инфрақұрылымын, Днепропетровск облысындағы газ тарату нысанын да зақымдады. Жөндеу бригадалары жарықты қалпына келтіріп жатыр.

Төменде — Владимир Зеленский Telegram-арнасында жариялаған шабуыл салдарының фотосуреттері.

Киевтегі ЖЭО-ға соққы 30 қазан күні кешке түсті. Украина астанасындағы аса маңызды инфрақұрылым нысандарының біріне үш рет соққы тигеннен кейін қалада жарық пен су үзіле бастады. ДТЭК компаниясы энергетика нысанына шабуыл жасалғанын растады. Түн ортасына қарай Киевтің Сол жағалау, Печерск, Соломенск және Голосеев аудандары сусыз қалды, тағы үш ауданда су қысымы төмендеді. Оболонь, Дарница, Деснян және Подол аудандарының бір бөлігі жарықсыз отырды. Киев мэрі Виталий Кличконың айтуынша, энергетиктер мен коммуналдық қызметтер түні бойы жұмыс істеді, сенбі күні таңертең сумен жабдықтау және кәріз жүйесі қалыпты режимге оралды.

Украина Әуе күштерінің мәліметінше, 30 қазан күні Киев уақытымен сағат 18:00-ден (Астана уақытымен 21:00) бастап Ресей Украинаға 134 шабуылдаушы дрон ұшырды, оның 72-сі — реактивті дрондар. Әуе қорғанысы 105 дронды атып түсірді немесе басып тастады. 20 жерде соққы тигені, тағы 10 жерге сынықтар құлағаны тіркелді.

«Ресей күн сайын азаматтық инфрақұрылымды нысанаға алып отыр», — деп жазды Зеленский. Ол Еуропада эскалация қаупін көріп отырғандардың бәрін Украинаға көмектесуге шақырды: оның сөзінше, агрессорға қарсы санкциялар мен жаңа көмек пакеттері қажет.

Қыс алдында электр станциялары мен қосалқы станцияларды атқылау — Ресейдің лаңкестік тактикасы. Жарық болмаса, көпқабатты үйлерде сорғылар, лифтілер мен жылыту жүйесі істемейді, миллион тұрғыны бар қалалардың тұтас аудандары сусыз қалады. Халықаралық гуманитарлық құқық бейбіт тұрғындардың өмір сүруіне қажет нысандарға соққы беруге тыйым салады.

Сонымен қатар Ресей әскері майдан шебіне жақын қалаларды атқылауын тоқтатпады. Өткен тәуліктегі ең ауыр қасірет Донецк облысының солтүстігіндегі, майдан шебінен алыс емес Славянск қаласында болды. Донецк облыстық әскери әкімшілігінің басшысы Вадим Филашкиннің мәліметінше, мұнда 73 жастағы ер адам мен ата-анасымен бірге көлікте келе жатқан 16 жастағы жасөспірім қаза тапты. Баланың 43 жастағы анасы мен 57 жастағы әкесі жараланды, тағы 33 пен 73 жас аралығындағы он адам жарақат алды. Қалада 30 жеке үй, көпқабатты үй, жанармай құю бекеті, пошта бөлімшесі және көліктер зақымданды.

Ресейдің 2026 жылғы 30 қазандағы Донецк облысын атқылауының салдары
Ресейдің Донецк облысын атқылауының салдары. Фото: Цензор.нет

Облыстық билік мәліметінше, бір тәулікте Ресейдің Донецк және Харьков облыстарына жасаған соққыларынан екі адам қаза тауып, 23 адам жараланды. Славянскіден бөлек Донецк облысындағы Краматорск пен Дружковкада да зардап шеккендер бар. Харьков облыстық әскери әкімшілігінің басшысы Олег Синегубовтың хабарлауынша, Харьковта төрт адам жараланды, тағы алты адам қатты күйзеліске түсті. Сондай-ақ Харьков маңындағы Дергачи қаласында екі ер адам, Боров аумағындағы тас жолда бір ер адам жарақат алды. Ресей облысты «шахедтермен», «Молния» дрондарымен және FPV-дрондармен атқылады. Бір тәулікте Донецк облысының майдан маңындағы аудандарынан 519 адам, оның ішінде 44 бала эвакуацияланды.

Ресей Украинаның энергетикасын күн сайын дерлік атқылап келеді. 29 қазан күні кешке ресейлік әскер Днепрдегі магистральдық электр желілерін зақымдап, 350 мыңнан астам абонентті жарықсыз қалдырған болатын. Енді ЖЭО-сы атқыланған Шостка қаласында бір күн бұрын ресейлік дрон азаматтық кәсіпорындағы әйелдің өмірін қиған еді.

БөлісуTelegramWhatsAppVKFacebookX

Сондай-ақ оқыңыз