Мазмұнға өту

Асыл Айтақын үй алаңындағы әлем чемпионатында қоладан айырылды

Қазақстандық балуанды 2025 жылы 20 жасқа дейінгі жастар арасында әлем чемпионы атанған америкалық Маркус Блейз жеңді.

Казахстанский борец Асыл Айтакын в схватке за бронзу чемпионата мира в Астане

Еркін күрестен қазақстандық балуан Асыл Айтақын Астанада өтіп жатқан әлем чемпионатын жүлдесіз аяқтады. 31 қазанда 61 келіге дейінгі салмақтағы қола медаль үшін белдесуде ол америкалық Маркус Блейзге 2:4 есебімен жеңіліп, бесінші орынға тұрақтады.

Блейз қола үшін белдесуге жұбаныш кезеңі арқылы жетті. Ширек финалда ол иран балуаны Ахмад Мохаммаднежад Жаванға 2:3 есебімен жеңілген еді, кейін үндістандық Никхилді 9:1 есебімен ойсырата ұтты. Америкалық балуан 2025 жылы 20 жасқа дейінгі жастар арасында әлем чемпионы атанған, бұған дейін кадеттер арасындағы әлем біріншілігінде де алтын алған.

Айтақын турнирде бес рет белдесті. Алғашқы кездесуде ол қырғызстандық Омурбек Асан уулуды 4:0 есебімен жеңді, кейін әзербайжандық Нураддин Новрузовты 5:4, германиялық Хорст Лерді 8:1 есебімен ұтты. Жартылай финалда қазақстандық балуан Жаванға 1:3 есебімен есе жіберді. Былтырғы әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанған иран балуаны финалға шықты.

Әлем чемпионаты 24 қазан мен 1 қараша аралығында «Барыс Аренада» өтіп жатыр, Қазақстан бұл жарысты 2019 жылдан кейін екінші рет қабылдап отыр. Әзірге үй иелерінің қоржынында төрт қола медаль бар: әйелдер күресінде Зейнеп Баянова үшінші орын алды, сондай-ақ Исхар Құрбаев, Айдос Сұлтанғали және Бағдат Сабаз қола жүлдеге ие болды.

Үй алаңындағы чемпионаттың алғашқы алтынына үміт Нұрқожа Қайпановқа артылып отыр. Ол еркін күрестен турнир финалына шыққан алғашқы қазақстандық балуан атанды және 1 қарашада чемпиондық атақ үшін белдеседі. Қазақстан чемпионы Айтақын шілдеде Будапештте өткен рейтингтік турнирде топ жарып, финалда түркиялық Толга Өзбекті жеңген еді.

БөлісуTelegramWhatsAppVKFacebookX

Сондай-ақ оқыңыз