Украина гуманитарлық операция барысында Ресей басып алған Олешки қаласынан алып шыққан тұрғындар 31 қазанда елдің солтүстігіндегі Чернигов облысында Украина мен Беларусь шекарасын кесіп өтті. Бұл туралы Киев уақытымен сағат 14:57-де (Астана уақытымен 17:57) Украина президенті Владимир Зеленский хабарлады. Олешки — елдің оңтүстігіндегі Херсон облысында, Днепрдің сол жағалауында орналасқан қала. Ресей әскері оны 2022 жылдан бері басып алып отыр.
Зеленскийдің айтуынша, гуманитарлық операция аяқталды: атыс тоқтатылды, жолдар минадан тазартылды, қалаға көмек жеткізіліп, адамдар эвакуацияланды. Президент делдал болғаны үшін АҚШ тарапына және АҚШ-тың бірінші ханымы Мелания Трампқа, операцияны қамтамасыз еткені үшін қорғаныс күштеріне алғыс айтты. Төменде — Зеленский Telegram-арнасында жариялаған бейнежазба.
Елге оралу жолы бір тәуліктен астам уақытқа созылып, екі мемлекет арқылы өтті. 30 қазан күні кешке украиналық делегация мен эвакуацияланғандар Олешкиден Ресейдегі Анапа қаласына барды. Ол жерден ұшақпен Беларусьтегі Гомельге ұшып, кейін автобуспен Украина шекарасындағы «Новая Гута» өткізу пунктіне жетті. Жоғарғы Рададағы «Халық қызметшісі» фракциясының жетекшісі Давид Арахамияның айтуынша, 31 қазан күні таңертең эвакуацияланғандарды тасыған төрт ұшақ Беларуське қонды.
«РБК-Украина» басылымының мәліметінше, Олешкиден барлығы 750-ден астам адам шығарылды. Олардың көбі Украинаны таңдады, бір бөлігі Ресейге кетті. Эвакуацияланғандардың ең үлкені — 94 жаста, ең кішісі бір жастан сәл асқан. Нақты адам саны ресми түрде әлі жарияланған жоқ. Қалаға кірген колонна 25 автобустан, жедел жәрдем көліктерінен және 50 медициналық қызметкерден тұрды. Украинаға ең алдымен Олешкиден құтқарылған жануарларды жеткізді.
Олешкиге барған украиналық делегацияны басқарған Жоғарғы Раданың адам құқықтары жөніндегі уәкілі Дмитрий Лубинец эвакуация кезінде «фильтрация» мен телефон тексеру болмағанын, адамдар қайда баратынын өздері таңдағанын айтты. Украиналықтар Ресей күштік құрылымдарының басып алынған аумақтардағы тұрғындарды тексеруін «фильтрация» деп атайды: бұл — жауап алу, тінту және телефонды қарау.
Шекарада адамдарды жылытылған шатырларда ыстық тамақ пен шаймен қарсы алды, балаларға және үй жануарларын алып келгендерге бөлек көмек көрсетілді, дәрігерлер кезекшілік етті. Чернигов облысында гуманитарлық штаб құрылды. Черниговтегі аурухана директоры Андрей Жиденконың айтуынша, эвакуацияланғандарды алдымен дәрігерлер тексереді, «өміріне қауіп болмаса», ауруханаға немесе туыстарына жібереді.
Көпшілікті шекарада туыстары күтіп тұрды. Дарья әкесін қарсы алуға келген. Ол «РБК-Украина» басылымына оккупация басталғаннан бері Олешкиде азық-түлік тапшы болғанын, қазір жағдай «өте ауыр» екенін айтты: қалада жарық та, су да, газ да жоқ. Оның әкесі бақшасы мен күн панельдерінің арқасында күн көрген, ұялы байланыс тек анда-санда, терезе алдында ғана ұсталатын.
Эвакуация 27 қазаннан бастап Олешки маңында атыс тоқтатылғаннан кейін мүмкін болды. Бітім 1 қарашада сағат 22:59-ға дейін жалғасады, кейін ол қаладан тыс гуманитарлық колонналардың жолдарына да таратылды. 30 қазанда украиналық делегация украиналық және америкалық журналистермен бірге басып алынған қалаға алғаш рет кірген болатын.



