Abai.kz қазақтілді порталы Тоғайбай Нұрмұратұлының «Билікке 50 пайыз әйел келсе… Өлдің қазақ, көріңді қаз…» деген мақаласын жариялады. Автор қазақ қоғамының қиындықтарын әйелдердің шектен тыс эмансипациясымен байланыстырып, олардың билікке көбірек араласуына қарсы шығады. Бұл туралы «Радиоточка» қазақтілді баспасөзге шолуында хабарлады.
Нұрмұратұлының пікірінше, орамал – мәдениет пен инабаттылықтың белгісі. Мектепте, балабақшада және жоғары оқу орындарында әйелдердің қазіргі киім үлгісі оған ұнамайды. Ол кеңестік атеистік насихат пен қазақтың төл болмысына қарсы күресті еске алып, білімді, мансапқа жеткен әйелдер ұлттық тамырынан алыстап барады деп есептейді. Автор гендерлік теңдік идеясын сынап, орамал тартпайтын әйелдер бақытсыз деп жазады.
Ол өз ұстанымын сандармен дәлелдемек болады. Нұрмұратұлының жазуынша, Иордания мен БАӘ парламенттерінде әйелдердің үлесі 19 пайызға жуық, ал Қазақстанда одан да аз. Оның айтуынша, білім беру саласында басшы лауазымдардың 85 пайызға жуығын әйелдер атқарады, ал «Нұр Отан» партиясының деректеріне сүйенсек, бұл сала сыбайлас жемқорлық бойынша алда тұр. Билікте әйелдердің 50 пайыз болуын автор қауіпті деп санайды.
Мақалада автор есімін атамаған әйел депутаттың «Орамал тартқан әйел – бақытты әйел» деген сөзі де келтірілген. Нұрмұратұлы елдің оңтүстігінде қалың мал беру салты сақталғанын да айтады.
«Радиоточка» материалдары бойынша.



