Мазмұнға өту
2026 жылғы 26 қараша, бейсенбі

Ақтөбеде 18,8 млрд теңгеге 5 мың орындық спорт кешені салынады

Кешенде басты аренадан бөлек олимпиадалық стандарттағы 50 метрлік бассейн мен гимнастика залдары болады, оны 2028 жылғы ақпанда ашу жоспарланған.

Проект универсального спортивного комплекса на 5 тысяч мест в Актобе
Фото: акимат Актюбинской области

Ақтөбеде әмбебап спорт кешенін салуға және жабдықтауға Инфрақұрылымды дамыту қорынан 18,8 млрд теңге бөлінді, деп хабарлады Ақтөбе облысының әкімдігі. 5 мың көрерменге арналған арена «Халықтық құрылыс» бағдарламасы бойынша салынып жатыр, оны 2028 жылғы ақпанда пайдалануға беру жоспарланған.

Кешеннің жалпы аумағы 31 мың шаршы метрден асады. Басты аренада халықаралық, республикалық және облыстық деңгейдегі жарыстар өтеді. Сонымен қатар мұнда олимпиадалық стандарттағы 50 метрлік жүзу бассейні, спорттық және көркем гимнастикаға арналған жеке залдар, баскетбол, волейбол және футзал залдары, йога мен пилатес залдары болады. Жаттығу аймақтарына қажет кәсіби жабдық та қор қаражатына сатып алынады, ал спортшыларды дайындауға отандық және шетелдік жаттықтырушыларды тарту көзделген.

Кешен мүгедектігі бар және жүріп-тұруы қиын адамдарға кедергісіз етіп жобаланған: трибуналар, киім ауыстыратын бөлмелер, бассейн, жаттығу залдары, кіреберістер мен іргелес аумақ оларға қолжетімді болуы тиіс. Ғимарат отандық құрылыс материалдарынан салынып жатыр.

Әкімдік бұл шешімді жаттығатын орынның жетіспеуімен түсіндіреді. Қазір облыста 770 спорт нысаны жұмыс істейді, олар тұрғындардың қажеттілігін 73,2 пайызға ғана өтейді. Соңғы үш жылда өңірде 31 жаңа кешен ашылды, бірақ залдарға түсетін жүктеме әлі де жоғары. Жаңа нысан Ақтөбедегі гимнастика залдары мен олимпиадалық бассейнге деген қажеттілікті жабады әрі балалар мен жастардың тұрақты шұғылданатын орнын көбейтеді.

Спорт кешені «Ақтөбе» әлеуметтік-іскерлік орталығында 6,1 гектар жерде салынып жатыр. Сол жерде УЕФА-ның төртінші санатының талаптарына сай 35 мың көрерменге арналған жаңа футбол стадионы — оның алғашқы кезеңіне Үкімет резервінен 6,5 млрд теңге бөлінген — және 700 орындық облыстық драма театры да бой көтеріп жатыр. Жыл басынан бері ел бойынша 188 спорт кешенінің құрылысы жүрді: оның 69-ы дайын, соның 51-і ауылдарда, тағы 52-сін жыл соңына дейін пайдалануға беру керек. «Халықтық құрылыс» шығындарын арнайы мемлекеттік комиссия қадағалайды.

БөлісуTelegramWhatsAppVKFacebookX

Сондай-ақ оқыңыз