АҚШ үкіметінің стратегиялық биткоин-резервін заңмен бекітіп, ондағы монеталарды 20 жыл бойы сатуға тыйым салатын заң жобасы Өкілдер палатасында дауысқа салуға құқық алды. Қаржылық қызметтер комитеті оны 24 қарашада Палатаға ресми түрде жолдады, деп хабарлайды CoinDesk.
«2026 жылғы Американдық резервті жаңғырту туралы заң» деп аталатын H.R. 8957 құжатын 21 мамырда Аляскадан сайланған республикашыл Ник Бегич пен демократ Джаред Голден енгізген. Ол қаржы министрін заң күшіне енгеннен кейін 180 күн ішінде стратегиялық биткоин-резерв пен басқа криптовалюталардың жеке қорын құруға міндеттейді. Заң жобасының мәтініне сәйкес, резервтегі биткоин кемінде 20 жыл бойы «кез келген мақсатта сатылмауы, айырбасталмауы, аукционға шығарылмауы, ауыртпалыққа салынбауы немесе өзге де жолмен иеліктен шығарылмауы» тиіс. Ведомстволар өздеріндегі цифрлық активтер туралы есеп беріп, монеталардың шынымен орнында екенін растайтын резерв дәлелдерін жариялауға міндетті болады.
Комитет заң жобасын 16 қыркүйекте 21 дауысқа қарсы 28 дауыспен мақұлдаған: «жақтап» дауыс бергендердің бәрі — республикашылдар, «қарсы» дауыс бергендердің бәрі — демократтар. Құжат Дональд Трамптың резервті құрған 2025 жылғы 6 наурыздағы жарлығын заңмен бекітуі тиіс: заң қабылданса, бұл саясатты өзгерту қиынға соғады. Arkham талдау платформасының дерегінше, қазір АҚШ үкіметімен байланысты мекенжайларда 306 795 BTC бар, бұл 18,7 млрд доллардан (шамамен 8,6 трлн теңге) асады.
Заң жобасының уақыты тығыз. Конгрестің қазіргі шақырылымы 3 қаңтарға дейін жұмыс істейді, ал бес аптадан сәл астам уақыт ішінде, оның басым бөлігі мерекелерге тұспа-тұс келеді, құжат Өкілдер палатасы мен Сенаттан өтіп, президенттің қолын алуы керек. Polymarket болжам платформасындағы трейдерлер АҚШ-тың 2027 жылға дейін ұлттық биткоин-резерв құру ықтималдығын 5%-дан төмен бағалайды. CoinDesk атап өткендей, қаңтардан бастап Конгрестің екі палатасын да демократтар бақылайды, сондықтан мұндай заң жобасын қайта енгізу қиынырақ болуы мүмкін. Трамптың жарлығымен құрылған резерв сақталады, бірақ болашақ президент оны Конгресссіз өзгерте немесе жоя алады.
Биткоиннің өзі бейсенбі күні таңертеңге қарай шамамен 1,6%-ға қымбаттап, 60,9 мың долларға жетті, деп хабарлайды CNBC. Осы аптада криптовалюта 57 мың долларға дейін арзандаған, ал Bloomberg жазуынша, биткоин қорлары ең нашар айына қарай бет алып барады: олардан шыққан қаржы 5 млрд долларға (шамамен 2,3 трлн теңге) жақындады.



