Brent маркалы мұнай 26 қарашада, бейсенбі күні таңертең, Астана уақытымен сағат 10:20-ға қарай баррелі үшін шамамен 95,3 долларға дейін, американдық WTI мұнайы 84,4 долларға дейін қымбаттады. Алдыңғы екі сауда сессиясында Brent 6%-ға жуық өсті, деп жазады Bloomberg, оның ішінде тек сәрсенбінің өзінде 3,5%-ға қымбаттады.
Бағаны Таяу Шығыстағы мұнай инфрақұрылымына жасалған жаңа соққылар көтеріп отыр. Йемендік хуситтер Сауд Арабиясындағы елдің ең ірі мұнай өңдеу зауыты — Рас-Танураға шабуыл жасағанын мәлімдеді. Бұл зауыт Сауд мұнайын экспорттайтын негізгі терминалдардың бірі орналасқан кешеннің құрамына кіреді. Хуситтер сондай-ақ Эр-Риядтың іскерлік ауданына шабуыл жасағанын хабарлады. Сауд Арабиясы бұған дейін Рас-Танура үстінде дрондарды атып түсіргенін мәлімдеген. Бұдан бөлек, Fars агенттігінің дерегінше, Иран армиясы Ормуз бұғазындағы жабық аймақта мұнай танкері минаға жарылып, өртенгенін хабарлады. Тегеран бірнеше кеменің минаға жарылғанын айтып отыр, бірақ мұны тәуелсіз дереккөздер растаған жоқ.
Бұған дейін мұнай бірнеше күн бойы арзандап келген: Парсы шығанағынан экспорт қалпына келген сайын нарықта мұнай артығы пайда болады деп трейдерлер күткен. Халықаралық энергетикалық агенттік нарық осы тоқсанда-ақ профицитке оралады деп болжайды. Сәрсенбі күні таңертең Brent баррелі 89,71 доллар тұрған, деп хабарлаған CNBC.
Бағаның өсуі ОПЕК+ кездесуіне дайындықпен тұспа-тұс келді: онда альянс 2027 жылға арналған өндіру саясатын айқындайды. Қазақстан кездесу алдында ОПЕК+-тан өзінің өндіру қуатын жоғарырақ бағалауды сұрады: еліміздің квотасы осы бағалауға байланысты, қазір ол тәулігіне 1,628 млн баррель.
Бейсенбіде АҚШ-та Алғыс айту күніне байланысты WTI бойынша есеп айырысу бағасы белгіленбейді.



